Атырауда балалардың жарақаттану деректері көбейді. Дәрігерлер бұған
жол-көлік оқиғаларының артуы, сәбилердің қараусыз қалуы себеп болып
отыр,-дейді. Олар ауыр жарақаттың өмір бойы мүгедек болып қалуға апарып
соғарына алаңдаулы.
1-ші сынып оқушылары Нұрмұхамед пен Заңғар аурухана төсегіне бір күнде
таңылыпты. Нұрмұхамедтің анасы Самал, сол күнді әлі де қорқынышпен еске алады.
Баласы мен оның сыныптасын мектептен алып келе жатқанда, ішімдікке сылқия
тойған көлік жүргізушісі жол жиегінде тұрған үшеуін қағып кеткен. Нәтижесінде
қос бала бастан жарақат алып, бірнеше жерлері сыныпты.
Самал Исағалиева:
Екі баланы екі жаққа лақтырды да өзімді санымнан соғып тұр ғой. Ана жерде
қашатын жер таба алған жоқпыз біздер, жасыратыны жоқ. Қай жағынан ұстасам да
құтқара алатын мүмкіндік болған жоқ. Машина бізді қағып, электр бағанасына
барып соғысты. Он шақты күн болды жатқанымызға, дәрігерлер әлі бір ай - айжарым
көлемінде жатасыңдар деп айтып жатыр, жарақаттарының ауыр болуына байланысты.
Ал мына сәбиді, ата-анасы емдеймін деп, ауруына ауру жамаған. Сылап емдеу
барысында, медбике аяғын сындырып алыпты. Тағы бір кішкентай пациент ауладағы
әткеншектен құлағанын айтады. Оған
әзірге қозғалуға болмайды. «30 орынды аурухананың бос болған күні жоқ»- дейді
дәрігерлер. Жол көлік оқиғасынан жарақаттанғандар, тіпті тұрмыстық
жарақаттар, спорттық үйірмелерден
аяқ-қолын жаралап алатындар да баршылық. Енді жаз шыға, ересектер қарауынсыз
қалып, терезеден құлайтын балалар көбейе ме деп алаңдаулы. Мұндай жарақаттар
мүгедектікке алып келуі мүмкін.
Болат Есназаров, Атырау облыстық балалар ауруханасының
ортопед-травматологы:
20-30 пайызы мүгедектікке әкеп соқтырады. Көбіне осы ауыр жарақаттар. Олар
бізде емделіп шыққаннан соң емін неврологиялық тіркеуде тұрып жалғастырады,
жазылғанша. Кейде өмір-бойы емделумен өтетін жағдайлар да болады. Жарақат
санының өсуі, біріншіден, ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы. Айта кетейік, өткен жылдың алғашқы тоқсанында осы
аурухананың жарақат бекетіне 1 мың 600 бала шағыммен келген, ал биылғы осы
мерзімде бұл сан 300 балаға артқан. Жаз
айлары - қауырт мезгіл. Дәрігерлер дерегінше, қазір жарақат бекетіне күніне 15
бала келсе, жазда олардың саны арта түседі.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ