Шығыс Қазақстандағы 118 құрылыс компаниясына тендерге қатысуға тосқауыл
қойылмақ. Тізімде нысандарды уақытылы тапсырмаған және құрылыс ережелерін
өрескел бұзған компаниялар бар. Бұл туралы өңір басшысы мәлімдеді.
Даниал Ахметов - Шығыс Қазақстан
облысының әкімі:
Жыл сайын білім саласына қажетті нысандар құрдымға кетіп жатқанда, сіздердің
жалқаулықтарыңызға, халықтың қаржысын шашып жатқандарыңызға қарап тұра
алмаймын. Нысандарды сапасыз салған 118 компанияның барлығы тізімге енді, енді
олар тендерде жеңіске жете алмайды деп ойлаймын. Әділет басқармасы, осы
тізімдегі бірде-бір компанияның тендерге қатыспауын қадағалауларыңыз қажет.
Бұған дейінгі хабарымызда арнайы комиссия өңірдегі құрылысы тұралап қалған
нысандарды тексеріп, нәтижесінде 2010 жылдан бері мемлекет меншігіне
өткізілмеген әлеуметтік нысандардың бар екенін анықтады. Олардың қатарында
мердігерлері жиі ауысатын, Семейдегі биологиялық суларға арналған станция да
бар. Мектеп, аурухана, тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандар да жетерлік.
Бірақ, құрылыс компаниялары тендер арқылы 50 миллиард теңгені баяғыда алып
алған. «Қара тізімге» енген құрылыс
компаниялары өрескел қателік жасап жатса да, әлі күнге дейін тендерге қатысып,
тағы да түрлі нысандар салуды ұтып алғаны белгілі болды. Енді олардың ісімен прокуратура
айналыспақ.
Берік ХАСЕНОВ