$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэйді қабылдады

AstanaTV
15.04.2015ж. 20:00
1198
Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэйді қабылдады

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэйді қабылдады. Кездесуде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын одан әрі дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің алдағы мемлекеттік сапарына даярлық мәселелері талқыланды.

Елбасы екі ел арасындағы достық және сенімге құрылған қатынастардың деңгейі жоғары екенін атап өтті. «ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянның былтырғы сапары табысты болды, біз бірқатар маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қытайдың «Бір белбеу, бір жол» бастамасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының ұқсастығы көп», - деген президент, екі елдің өзара іс-қимылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысында, әрі газ тасымалы магистралі мен теміржол құрылысында да тоғысатынын айтты.

Чжан Ханьхуэй, ҚХР Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары өркендеп, өзінің даму тарихында ең жоғары деңгейге көтерілді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы және «Қытай арманы» бағдарламасы да мақсаты мен мерзімі жағынан ұқсас. Қазақстан мен Қытай тату көрші ғана емес, стратегиялық серіктес те болып саналады. Біз Қазақстанның ел ішіндегі және өңірдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған ұмтылысын қолдаймыз. Қытай тарапы достық пен екіжақты қарым-қатынасты жоғары бағалайды. 

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ