$509.51 €570.6 ₽6.3
×

15 сәуір - ғашықтар күні

AstanaTV
15.04.2015ж. 20:00
5311
15 сәуір - ғашықтар күні

Бүгін - Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні. Әулие Валентинге табынып, әспеттеген жастарымызға қайтарым болған ғашықтар күні, бұл. Елімізде соңғы төрт жылдан бері дәл осы күн тұрақты түрде жастар арасында аталып келеді. Бірақ дәстүр сіңді ме немесе сіңімді ме?  Айзада Төребекқызы Қозы мен Баян күнін тойлаған жастар пікірін тындап көрді. 

Бұл ғашықтар күніне орайластырылған «Бозбала мен Бойжеткен» сайысы. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері ерекше атап өтуді жөн санапты. Оқу орнында "ғашықтар" арасында өнер сайысы өтуде. Байқауда бағын сынап жатқан 14 жұптың бірі - Нұржан мен Ғазиза, сахнада Қозы мен Баянның рөлін сомдауда.

Нұржан Медеубаев:

Негізі  Валентин күнін тойлағаннан, өзіміздің қазақтың  ғашықтары Баян сұлу күнін тойлаған өзімізге жақын. Сондықтан осы күнді тойлаймыз, барлығымыз атап өтеміз.

Ғазиза Ізтай:

Жігіттің жігіті бар азаматы бір басқа дейді ғой. Мен өмірде өмірлік жарым болатындай ғашығымды кездестірген жоқпын. Ал Нұржанға келетін болсақ, ол менің өнердегі, өмірдегі сахнадағы ағам және адал досым. Бүгінгі сайыс арқылы өзімнің  өмірлік жұбымды тапқым келеді.

Жастар, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні ынтық жандар бір-біріне ұяң сезімді білдіруге мүмкіндік берілген күн, деп санайды. Ғашықтар күні ашық хаттар мен түрлі тарту-таралғы жасап  жатқандарды аса көп кездестіргеніміз жоқ. Тек саябақтарда бірлі-жарым қолына гүл ұстаған жастар болмаса. Осыған қарағанда, бұл күннің әлі де лайықты деңгейде насихатталып жатпағаны байқалады. Дегенмен қыздар жағы бұл күні арнайы сый күтетінін жасырып қалмады.

Бүгінгі күннен күтем, өйткені біз бұл күнді осымен екінші жыл атап келе жатырмыз. 

Алла тағала жаратқанда, бізді бір сыңарымызбен жаратады. Сондықтан да біз осы күні, әрине, осындай күндерде ғашықтарымызды, махаббаттарымызды, шын ғашықтарымызды өмірде алда табамыз деп ойлаймыз.

Бір ғана Шымкент қаласында үстіміздегі жылдың үш айында 1886 жас отау көтерген. Әттеген-айы, 706 шаңырақ шайқалып үлгеріпті. Бүгінде зейнеткерлікке шығып үлгерген шымкенттік Қалдархан Әміреұлы мұның бәрі танып білудің аздығынан деп санайды.

Қалдархан Әміреұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:

Соткадан звондайды. Ол орыс па, жөйт па, ол ұры ма, қары ма, ешкім білмейді. Кейін опық жеп жатады. Сондықтан бізде тастанды бала көп. Ажырасу көп. Онда мән жоқ. 

Қазір еліміздің әр аймағында ғашықтар бас қосатын арнайы орындар бар. Мәселен, Алматыда жүрегінің жартысын тапқан жандар субұрқақтың жанына барып немесе жүрек тәріздес кескіннің маңына келіп, сезімін паш ете алады. Ең бастысы - қазақ жастары өзгенің мейрамына елітпей, өз ғашықтарымызды әспеттеп, үлгі тұтып жатқаны қуантады. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ