$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Ел президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықов батыс мәдениетін үлгі тұту орынсыз деген ұстанымда

AstanaTV
16.04.2015ж. 20:00
1165
Ел президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықов батыс мәдениетін үлгі тұту орынсыз деген ұстанымда

«Түрлі фаст-фудтардың дайындалу жолы құпия сақталады. Батыстағы азық-түлік алпауыттарының бұл әрекеті жайдан-жай емес. Тұтынушылар  тағамдардың қандай азық-түліктен дайындалатынын білсе, олардан бас тартар еді». Бұл ел президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықовтың пікірі. Бұған қоса кандидат батыс мәдениетін үлгі тұту орынсыз деген ұстанымда. Жалпы адами құндылықтар - аса маңызды. Бастысы, осы жоғары идеяларды терең түсіну. Қазақстан Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов сайлаушыларымен кездесуі кезінде осыған айрықша тоқталды.

Тұрғын Сыздықов «қазақ қоғамының бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келе жатқанын мемлекеттің басты байлығы» деп есептейді. Президенттіке үміткер азамат «қонақжайлық, мейірбандық, отбасылық өнеге, үлкенге ізет кішіге құрмет көрсету» - мұның барлығы халқымыздың игі дәстүрлері екенін айтады.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Жалпы адами құндылықтар - бейбітшілік, достық, интернационализм - аса маңызды болып табылады. Барлық мемлекеттер жаңашылдық пен төзімділіктің жоғары идеяларын терең түсіне бастады.

Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы  марксизм-ленинизм идеяларының біртұтас ғылыми дүниетанымға негізделгенін айтты.  Сондай- ақ, Тұрғын Сыздықов батыс мәдениетінің келеңсіз тұстарын  әңгімеледі. «Жалқаулық, тойымсыздық  пен жауапсыздық - батыс қоғамына тән», - деп түйді үміткер. Басқосуда үгіт-насихат жұмыстарының барысы туралы да айтылды.

Бейсенбай Мәжитов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың Ақмола облыстық сайлауалды штабы жетекшісі:

Біздің сайлауалды штабта бес сенімді өкіл мен отызға жуық белсенді бар. Қазіргі таңда ел арасында насихат жұмыстары жүргізіліп  жатыр. Біз бұған дейін штаб мүшелеріне сайлау заңнамаларын түсіндіру мақсатында арнайы семинар өткіздік.

Тұрғын Сыздықовтың Атырау облысындағы сайлауалды штабында жұмыс қауырт. Аймақта Қазақстан коммунистік халық партиясының 8 мыңнан астам мүшесі бар. 26 сәуір күні өтетін сайлаудың барысын  саяси ұйым атынан 82 байқаушы бақылайды.

Мәдина Мәмбетәлиева,  ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сенімді өкілі:

Аудандарға барып, кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, плакаттарды ілдік. Үгіт-насихат жұмысын жүргізу кезінде біз өзіміздің кандидаттың тұғырнамасын таныстырдық халыққа.

Үгіт-насихат шаралары Тұрғын Сыздықовтың Ақтөбе облыстық сайлауалды штабында да қызып тұр. Өңірде партияның 5 мыңнан астам мүшесі бар. Саяси ұйым белсенділері мен кандидаттың сенімді өкілдері бүгінге дейін бес ауданда халықпен кездесулер ұйымдастырды.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА