×

«Кек алушылар» блокбастері қазақ тіліне аударылды

AstanaTV
23.04.2015ж. 20:00
2924
«Кек алушылар» блокбастері қазақ тіліне аударылды

Тағы бір голливудтық өнім қазақ тіліне тәржімаланды. Marvel комикстері бойынша түсірілген  «Кек алушылар: Альтрон дәуірі»  блогбастері - әлем күткен премьера. Жоба қазақ тіліне аударылған он бірінші жұмыс. Фэнтези жанрындағы экшннің тұсаукесеріне біздің тілшілеріміз де қатысты.

Шытырманға толы желіде алты бірдей қаһарман тоғысады. Бұл картина - Марвел кинематография әлеміндегі 11-ші  фильм. Бұл жолғы желі бойынша «кек алушылар» адамзатқа қауіп төндірген зұлым Альтронмен шайқасады. Фильмді қазақ тіліне дубляждау жобасын «Нұр Отан» партиясының қолдауымен "Жастар-Отанға" жобасының шеңберінде «Болашақ» қауымдастығы жүзеге асырды. Қаржылық демеу көрсеткен – «КассаНова Банк» акционерлік қоғамы мен «Меломан» компаниясы.  Жалпы Голливуд фильмдерін қазақшаға аудару ісін Елбасы қолдап, жоғары бара берген. Бұл жұмыстар мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, өресін биіктететіні сөзсіз. Бүгінгі таңда жоба еліміздің халықаралық ілгерілеуіне жағдай жасап, тілдерді дамыту бағдарламасы мен Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясын  іске асыруда тәжірибелік үлесін қосуда. 

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасының тікелей қолдауымен осы жоба дүниеге келіп, 5 жылдың ішінде біз 11 жобаны тікелей ағылшын тілінен қазақ тіліне аудардық. Ол біз үшін үлкен жетістік деп айтуға болады. Біз де әрқашан да рухымыз биік, бір бірімізді қолдап, бір-бірімізге көмектесіп, келісіміміз, бейбітшілігіміз, біздің ынтымақтастығымыз мықты болса, әрқашан да әрбір сыннан бірге өтеміз. Сондықтан да жастар, балалар, сендерге арналған жоба.

Дубляж режиссері бұған дейін  «Галактика сақшыларын» аударуға қатысқан Тимур Балымбетов. Фильмдегі Скарлетт Йоханссонның кейіпкерін алғаш рет танымал әнші Мақпал Исабекова дыбыстайды. Сондай-ақ дубляжға Жасұлан Байсалбеков, Бейбіт Қамаранов, Ержан Жарылқасынов, Ерғали Төлебаев,  Бақытжан Жармұхамбетов, Самат Қордабаев сынды жас актерлер қатысты.  Соңғысы Халк кейіпкерін сомдайды.

Самат Қордабаев, актер:

Елбасының тілдік саясатты қолдаудың арқасында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы, Марвел компаниясының қолдауымен осы фильм жарыққа шығып жатыр. Алғысымыз шексіз. Фильмдер көбейе берсін. Жас ұрпақ алдында жақсы үлгі-өнеге деп білемін.  Қазақ тілінде осындай кейіпкерлер сөйлеп жатқаны.

Бір қызығы залда кішкентай көрермендермен қатар орта буын өкілдері де көп болды. Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, танымал эстрада жұлдыздары, қоғам қайраткерлері мен саяси элита да бар. Мәжіліс депутаттары Оразкүл Асанғазы, Нұртай Сәбильянов, әнші Ерлан Көкеевтерді де кезіктірдік Тағы бір көрермен Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, кино көңілден шықты.

Ләйлә Сұлтанқызы, «Балапан» телеарнасының директоры, тележүргізуші:

Әлемдегі бүкіл кішкентейлардан бастап үлкендерге дейін жақсы көреді. Өте әйгілі франшиза. Мың да бір алғыс «Болашақ» қауымдастығына, «Меломанға», осыны қазақшалап барлығымызға түсінкті қылып, эмоциямен дұрыс синхронды дубляждау деген мен оны өте жақсы білемін. Өте қиын ол. Бірақ соған қарамай, біздің мамандарымыздың қолынан келеді. Өте қуантады. 


«Кек алушылар: Альтрон дәуірі» - қазақ тіліне аударылған жалпы он бірінші, биылғы екінші Голливуд фильмі. Фантастикалық экшн бүгіннен бастап прокатта.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА