$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы Астанаға оралды

AstanaTV
23.04.2015ж. 20:00
1627
Кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы Астанаға оралды

Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың үгіт-насихат тобы Қазақстанның барлық өңірлерін аралап, Астанаға оралды. Үміткердің сенімді өкілдері еліміздің бас қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы жастар мен зиялы қауым өкілдеріне де таныстырылды.

Ел өмірі үшін маңызды саяси шешімдер қабылданып, мәртебелі қонақтармен ресми кездесулер өтетін Астананың дипломатиялық міндетінен бөлек, экономикаға демеу болар үлкен кәсіпорындары да баршылық. Аймақтарды аралап, кандидаттың сөзін халыққа жеткізген қоғамдық штаб өкілдері Астанаға келісімен экономиканың тірегі, қоғамның қозғаушы күші саналатын еңбек ұжымдарымен кездесуді жөн көрді.

Марат Тілеубаев,  «Локомотив құрастыру зауытының» қызметкері:

Қазақстанды индустрияландырудың көшбасшысы аталған ҚТЖ осы 3 зауыт алғашқы жоспарларының бірі болып саналады. Осының барлығы Елбасының, Н.Ә.Назарбаевтың қамқорлығы деп білеміз. Біздің таңдауымыз, теміржолшылардың таңдауы - елі сүйген, елі сенген Елбасы Назарбаев.

Тәуелсіздік жемісі - жаңа Астана - бүгінде мемлекеттің жетістіктерін бағалау индикаторына айналды. Астананың аяқ алысы - елдің өзге қалаларына үлгі. Жас қаладан бейбітшілік пен қарқынды дамудың шаһарына айналған елорданың әрбір сәтті қадамы іс басындағы азаматтардың есінде.

Әбіш Кекілбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы:

Ел тұтастығының, жер тұтастығының халық бірлігінің мызғымас кепілі бола білген президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа дауыс берелік.

Экономика мен саясаттың қайнаған ордасы бүгінде мәдениет, ғылым шаһарына да айналды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған оқу ордасына өңір-өңірлерден арман қуған жастар Сарыарқа төріне ағылып, жас қаланы жастар қаласына айналдырды.

Әлішер Тұрсын,  Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:

Тәуелсіздікті алған тұстан бастап елбасымыз жастарды адами капитал ретінде қарап, оған осы уақытқа дейін көптеген инвестиция құйып, бүгінде біз жастар интеллектуалды элитаға айналдық. Біз Елбасымен біргеміз, Елбасын қолдаймыз, Елбасына дауыс береміз.

Тәуелсіздік құрдастары Қазақстанның бүгінгі даму жолын жалғастырамыз дейді.  Ол үшін үлгі алар ел ағалары да бар.

Жандос Қонысбек,  Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:

Біз ЕҰУ студенттеріміз, 26 сәуір күні тек қана біздің елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс береміз. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ