«Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 игі іс» эстафетасының белгісі болған
«Тайқазан» Теміртау қаласына жетті. Еліміздің барлық өңірін шарлап, игі істер
жинап жүрген қазанға қарағандылықтар да үлес қосты. Облыс әкімі Нұрмұхамбет
Әбдібеков «Тайқазанға» Қарағандыда атқарылған игі істер жайлы кітап-сандықшаны
салды.
Аймақта жыл басынан бері «Сарыарқа кітапханасының» 100 томдығы жарық көрді.
Қарағанды, Жезқазған қалалары мен Ботақара кентінің жүздеген тұрғыны баспаналы
болды. Приозерск қаласында 200 орындық балабақша, Балқашта нан зауыты ашылды.
Қазір аймақтың түкпір-түкпірінде Отан соғысы қатысушыларына арналған «Ардақты
ардагерім» акциясы өтуде. Ассамблея мүшелері, этномәдени орталықтар мен
қоғамдық ұйымдар топан судан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуге ат
салысуда.
Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан облыстың әрбір тұрғыны татулық пен келісімнің
біздің басты құндылығымыз екенін біледі. «Тек қана алға!» деген ұран, басты
қағида неғұрлым терең мәнге ие болады.
Атқарылған игі шараларға толған «Тайқазан», енді Астанаға жол тартады. Еске
салсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл 6-ақпанда салтанатты түрде ашылды.
Қазақ жерінің бірлігі мен қонақжайлығының нышаны «Тайқазан» мерейтойдың белгісі
болып таңдалды.
Айжан ҚУАШ