Қазақстан
Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта нарығын құруды қарастырып
отырған жоқ. Бұл туралы Орталық
коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика
вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлімдеді. Ол бұл мәселе талқыланып та
жатпағанын айтты.
Одақ шеңберінде бірыңғай валюта құру - күн тәртібінде
жоқ тақырып, деген вице-министр, бұл бағытта жұмыстар жүргізілмейтінін де
жеткізді. Вице-министрдің мәлімдеуінше, Еуразиялық
экономикалық одақ аясында 2025 жылға дейін қаржылық нарық реттеледі және бұл
шаралар аясында тек заңнамаларды үйлестіру жоспарланған. Ал монетарлық немесе
валюталық одақ туралы ешқандай да мәселе көтерілмеген.
Тимур
Жақсылықов, ҚР
Ұлттық экономика вице-министрі:
Қазақстанның
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірыңғай және ұлтүстемді валюта
енгізуді болдырмау бойынша ұстанған позициясы айқын әрі бірізді. Біз бұл
мәселені талқыламаймыз, өйткені ол күн тәртібінде жоқ
мәселе. Еуразиялық экономикалық одақ шартында валюталық одақ құру, ортақ және
ұлтүстемді валюта қабылдау туралы ереже қарастырылмаған және мұндай жұмыс
жүргізілмейді.
Айгүл ӘДЕПБАЙ