$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Қанат Бозымбаев: Павлодар МӨЗ жекешелендіру бойынша соңғы шешім қабылданған жоқ

AstanaTV
09.02.2016ж. 20:00
1993
Қанат Бозымбаев: Павлодар МӨЗ жекешелендіру бойынша соңғы шешім қабылданған жоқ

Павлодар мұнай өңдеу зауытын жекешелендірмес бұрын, кәсіпорындағы қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында осындай пікірін білдірді. Өңір басшысы «бұл мәселе бойынша соңғы шешім қабылданған жоқ. Қалай болғанда да, зауыттың тағдыры «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының алдағы қаржылық жағдайына тікелей тәуелді» деген мағынадағы ойын айтты. 


Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:

Меншік иесі «ҚазМұнайГаздың» алдағы қаржылық жағдайына байланысты шешім қабылданар. Менің білуімше, әзірге жекешелендіру туралы нақты шешім жоқ. Әрине, егер шындап бет бұрса, бірінші кезекте жаңғыртуды аяқтап барып жекешелендіруге кірісу керек. Ал жаңғырту шараларын 2017 жылдың ортасында аяқтау жоспарланған. 


Облыс басшысының есебіне көз жүгіртсек, өткен жылы аймақта 425 млрд теңгенің тауары өндіріліп, 100 млрд теңгенің тауары экспортқа шығарылған. Одан мемлекет қазынасына 14 млрд теңгедей салық түскен. Десе де, проблемалар жоқ емес. «Елде теңгенің Ресей валютасына қатысты тарихи теңдігі орнағаннан кейін, отандық кәсіпорындар жан сақтап қалды», - дейді Бозымбаев. Қазір қазақстандық тауарлар бағадағы бәсекелестікке қабілетті. «Бірақ өндірісті тоқтатпау үшін теңге қажет, ал банктер теңгемен несие беруді бүгінге дейін тежеп келеді»,- дейді әкім.


Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:

Басты проблема - өңірдегі қаржыландыру көздерінің тапшылығы. Яғни банктерде несие ретінде беретін теңге жоқ. Өндіріс тоқтамау үшін кәсіпорындардың саудасы жүру керек, табыс болса, жұмыс орындары сақталады, салық түседі. Әрине, олар түрлі тендерлерге қатысып, өнімін Қазақстанның өзге облыстарына, Ресейге сатады. Дегенмен ішкі ақша айналымы да қажет. Ұлттық банктің  қайта қаржыландыру бойынша пайыздық үстемақыны көтеруі проблеманы шешеді деп үміттенеміз.

«Павлодар базарларында ет бағасы неге қымбат?» Қанат Бозымбаевқа қойылған сауалдардың бірі осы болды. Алайда бұған әкім абыржи қойған жоқ. Сұрақ қойған журналистке өзімен бірге базар аралап, саудаласудың қыр-сырын үйрену жайлы ұсыныс жасады. Сондай-ақ облыс аумағында голландтық раушан гүлдерін өсіретін жылыжай кешені ашылатынын қуана хабарлады. Бес гектар жерде жылына 7 млн гүл өсіру жоспарланған. Әкім қалам ұстаған қауымды Екібастұз ГРЭС-і маңында орналасқан жылыжайдан гүл теріп қайтуға шақырды.

Думаю, через неделю будет первый срез цветов, поэтому приглашаю всех журналистов в суровый город Экибастуз, на открытие такого приятного объекта как цветочная теплица. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ