«Жас Отан» жастар қанаты
ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына
көмектеспек. Бұл бастама "Нұр Отан" партиясының «Сәтті қадам» жобасы
аясында жүзеге асады. Яғни жас маман іргелі кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп,
біліктілігін дәлелдеп жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Бүгін Атырау және
Шығыс Қазақстан облыстарында жасотандықтар жеті іргелі мекеме
басшыларымен меморандумға қол қойды.
Аяулым Фазылжанова - Шығыс
Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенті. Стандарттау,
сертификаттау және метрология мамандығы бойынша диплом алмақ. 12 жасында
ата-анасынан айырылған ол, тек өзіне сеніп үйренген. «Сәтті қадам» жобасы
аясында түйіндеме тапсырды. Аяулыммен бірге тағы 4 студент қаладағы іргелі
кәсіпорыннан шақырту алған. Шығыс Қазақстан облысында жыл аяғына дейін
ата-анасы жоқ 240 студентті жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.
Аяулым Фазылжанова, Д.Серікбаев
атындағы ШҚМТУ студенті:
«Сәтті қадам» бағдарламасы
жұмыс іздеп жүрген, қолдауды қажет ететін барлық жетім балаларға алға адаспай
қадам басу үшін көмектеседі, деп
ойлаймын.
Аталған жоба төрт жылдан бері
іске асып келеді. «Кәсіпорын жетістігі - білікті маман» деген ұранды басшылыққа
алған Атыраудағы ірі кәсіпорын, мекеме басшылары да, жасотандықтардың
бастамасын қуана қолдап отыр. Бүгін Атырау мұнай өңдеу зауыты, «ҚазтрансАймақ»
және «Қазақстан Темір жолы» компанияларының облыстағы филиалдарымен ортақ
келісім жасалды.
Асқар Бопылдықов, Атырау
облыстық «Жас Отан» ЖҚ төрағасы:
Қазіргі уақытта 3 мекемемен
меморандумға отырсақ, осы айдың соңына дейін, бұйырса, 20-ға жуық ірі
мекемелермен, мұнай кәсіпорындармен мемлекеттік меморандум жасасамыз.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ