$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Ескертуді елемей, боранда жолға шығатындар жазалануы мүмкін

AstanaTV
09.02.2016ж. 20:00
2012
Ескертуді елемей, боранда жолға шығатындар жазалануы мүмкін

«Ескертуді елемей жолға шығып, боранда қалып қоятын жүргізушілер мен жолаушыларға жаза қолдану керек». Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко осындай ұсыныс айтты. Қыс басталғалы 4 жарым мыңдай адам мен 1 жарым мың көлік қар құрсауында қалған. Оларды құтқару үшін қаншама техника мен адамдар тартылды. Жанармай мен өзге шығындар тағы бар.  Бүгін Астанада ведомоствоаралық мемлекеттік комиссияның селекторлық кеңесінде сақтық шараларына көз жұма қарайтындарға қатысты қатаң сын айтылды. Құралай Пионер тарқатады .

Селекторлық кеңеске Ішкі істер министрлігі мен төтенше қызметке қарасты барлық құрылымдардың жетекшілері, сондай-ақ облыстық әкімдіктегі жауапты басшылар түгел шақыртылған. Соңғылары кеңеске онлайн жүйесінде қосылып отырды. Тек жиынға Қызылорда облысынан бірде-бір орынбасар қатысқан жоқ. Сөйтіп, вице-министр Владимир Божкодан әкімдік аппараттының жетекшісі сөз естіді. 

Господа, у Вас 4 или 5 заместителей. По распоряжению мы попросили быть. Но вместе с тем я попросил бы уважать членов государственной комиссии, которые собрались здесь все!

Жиынға қатысушылар жеке-жеке түгенделген соң, тақырып талқыға  салынды. Ол - биылғы қыс ахуалы мен айта-айта жауыр болған жолдың сапасы.

Жасұлан Жұмашев, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары:

Республика бойынша автожолдар биылғы қыста 180 мәрте жабылды. Бүгінге дейін қар құрсауында қалған 4465 адам құтқарылса, оның 200-ге жуығы бала. Және 1429 көлік шығарылған. Оның 37-і ұзақ бағытқа шыққан автобустар, 44-і ірі жүк көліктері.

Әсіресе, желтоқсанның соңындағы бір аптаға жалғасқан үскірікте құтқарушылардың қызметі қиындапты. 6 облыстың шекарасы жабылып, 500-ге жуық адам тас жолдарда қала жаздағаны бар. Тіпті көмекке келгендердің өздеріне көмек қажет болған жағдайлар да кездескен. Жауапты шенеуніктер бұған ескертуді елемей, боранмен алысып алыс жолға шығатындарды айыптайды.

Игорь Лепеха, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

Көбіне азаматтар өз өмірін қатерге тігіп, қолайсыз ауа райында жолға шығып кетіп жатады. Сондай жағдай өткен айда Қарағандыда тіркелді. Жүзге жуық көлікті 4 күн дегенде қар құрсауынан әзер шығардық. Қазір еліміз бойынша 1200 сақшы жолға шығарылып, 35 бекет қойылды.

Алайда жол сақшысын да, бекеттерді елемейтіндер баршылық. Владимир Божконың қытығына тигені де осы болса керек. "Ескертуге құлақ аспайтындарға қатаң шара қолданылса" деген ұсынысын жеткізді.

Владимир Божко, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Әрине, ешкімге «боранда алыс жолға шықтың» деп айыппұл сала алмаймыз. Заң тұрғысынан. Бірақ қауіпсіздік үшін бұған бір тыйым болу керек. Әсіресе, ескертуді елемей, бірнеше мәрте жолға шыққан жүргізуші жауапқа тартылуы тиіс.

Тас жолдардың талапқа сай болмауы да - ахуалды қиындататын себептердің бірі. Бүгінде ел аумағында 21 мың шаршы шақырымдай жол жөнделсе, оның 7 мыңы қайта жөндеуді қажет етіп тұр. Бұл - Жезқазған, Қарағанды және Қызылорда облыстарының аумағына кіретін күре жолдар.  

Құралай ПИОНЕР