$544.87 €639.02 ₽6.88
×

Қызылордада күтімсіз қалған науқас арнайы мекемеге орналастырылады

AstanaTV
09.02.2016ж. 20:00
2530
Қызылордада күтімсіз қалған науқас арнайы мекемеге орналастырылады

Қызылордадағы бес қабатты үйдің тұрғындары, қандалаға таланып отырғандарын айтып, редакциямызға шағымданды. Айтуларынша, тазалықтан мүлде мақұрым қалған бір пәтерден зиянды жәндіктер тарап жатыр. Әріптесім Шарипа Сақтапова, қасына арнайы мамандарды ертіп, қандалаға толды деген пәтерге барып көрді.

Көршілері шағымданған пәтер мынау. 2 бөлмелі баспананың іші қоқысқа толған, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тұрғындар осы пәтерде қандаланың ошағы бар деп санайды. Көпқабатты үй тұрғындары, «отағасы былтыр күзден бері төсек тартып жатып қалған, ал зайыбы ішімдікке салынған», деп отыр.

Елена Шестакова, Б.Момыш-ұлы көшесі № 76 үйдің тұрғыны:

Арқасы жағынан шіріп жатыр ғой, кәдімгі құрт. Көтерсең, көрсеңізші қандай екені асты. Бүкіл мусор осында, алып келеді. Көрдіңіз бе залды қандай?

Гүлзат Қадірова, Б.Момыш-ұлы көшесі № 76 үйдің тұрғыны:

Үйіміздің барлығы қандала болып кетті. Біз отыра алмаймыз ғой, мына жерге былтыр ғана көшіп келдім. Бар тапқанымызға хлор аламыз.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары да жағдайды өз көздерімен көрді. Тек олардың тілшілермен бірге келгенін бұл үйдегілер аса жақтыра қоймаған сыңайлы.

Отағасы кезінде сантехника шебері болып жұмыс істеген, дейді көршілер. Былтыр аяқ астынан инсульт алып құлаған. Содан бір төсек тартып жатқан азамат өзінің масыл болып қалғанына қайғырады. Өзіне күтім жасалса деп армандайды.

Лесбек Медетбаев, Б.Момыш-ұлы көшесі № 76 үйдің тұрғыны:

Жағдайы жақсы бар жерге барғым келеді, жағдай керек қой маған.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері мұндай жағдайды күтпесе керек. Олар енді бұл отбасыны есепке алатын болды. Және ерекше күтімді қажет ететін науқас жанды арнайы мекемеге орналастырудың қамына кіріспек.

Сәуле Жұматова,Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сектор меңгерушісі:

Қазіргі уақытта біз белгілі тұрағы жоқ азаматтарға арналған оңалту орталығына барып жатса дейміз, жатқызылса. Әрі қарай құжаттары дайындалып, мүгедектікке де құжаттарын дайындауға болады біз арқылы. Мүгедектік алғаннан кейін қарттар мен мүгедектерге арналған оңалту орталығына орналастыруға болады.

Қалалық әкімдік өкілдері жәндіктерді улауға көмек беруге әзір екенін айтты. Ал отағасының жағдайы оңынан шешілсе, тұрғындар, «бұл баспананы әктеп, сырлап, тазалықта ұстауға әзірміз», деп отыр.

Шарипа САҚТАПОВА