$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Еліміздің басым бөлігінде дауыс беру аяқталды

AstanaTV
26.04.2015ж. 20:00
1548
Еліміздің басым бөлігінде дауыс беру аяқталды

Кеш жарық, Қазақстандағы басты саяси оқиға  - президенттік сайлау барысы - «Астана» арнасы тілшілерінің назарында. Сайлау науқанының ең соңғы жаңалықтарын назарларыңызға ұсынамыз. Студияда Ләйлі Қазиақпарова. 

Дәл осы сәтте еліміздің басым бөлігінде дауыс беру аяқталды. Еске салайық, сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат жетіде ашылған-ды. Ал Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылар белсендігі бойынша нәтижелерді жаңартып жатыр. 18.00-дегі дерек бойынша, сайлаушылардың 90 пайызы дауыс берген. Орталық сайлау комиссиясы бұл көрсеткішті бұрын болмаған көрсеткіш деп атады. Дәл қазір соңғы мәліметтермен таныстырсақ... Орталық сайлау комиссиясынан студиямен байланысқа әріптесім Мөлдір Бақыт-Қызы шығады. Мөлдір, соңғы  сайлаушылар белсенділігі туралы біз келтірген деректер жаңарды ма?

Мөлдір Бақыт-Қызы, тілші:

Кеш жарық.  Ең маңызды саяси науқан өз мәресіне жетті деуге болады. Астана уақытымен тура 20.00-де еліміздің басым бөлігінде дауыс беру аяқталды. Тек, уақыт белдеуінде бір сағат айырмашылық бар батыс аймақтарда дауыс беру әлі жалғасып жатыр. Айта кетейік, "Астана" телеарнасы таңғы жетіден бастап, сағат сайын Орталық сайлау комиссиясы, басқа да маңызды нүктелерде тараған соңғы жаңалықтарды көрерменге жеткізіп отырды. Тиісті мемлекеттік органдар да сағат сайын брифинг өткізіп отырды. Менің тұсымдағы электронды таблода биылғы сайлауда тұрғындардың қаншалықты  белсенділік танытқаны көрсетілген. Және қандай облыстар сайлауға қатысу көрсеткіші бойынша алда тұрғаны жазылған. Бұл мәлімет екі  сағат сайын жаңартылады. Осы орайда Орталық сайлау комиссиясының мүшесі  Марат Сәрсембаев аз-кем ақпаратпен бөліседі. 

Марат Сәрсембаев, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Қазір өңірлердің көбінде сайлаушылар дауыс беріп болды. Келесі кезең - дауыстарды санау. Тек батыс өңірлер әлі жұмысын жалғастыруда. Сонан соң деректер  толықтырылады.

Мөлдір Бақыт-Қызы, тілші:

Рахмет, сұрағымызға жауап берген Орталық сайлау комиссиясының мүшесі - Марат Сәрсембаев. Айта кету керек, елімізде  9,5 млн азамат сайлауда дауыс беру құқына ие. Дәл осынша бюллетень саны әзірленген. Биылғы сайлауда электорат ерекше белсенді.  Әлеуметтік желілердің өзінде дауыс берушілер өз  учаскесін суретке, видеоға түсіріп, бөлісіп жатыр. Қай-қасысында болмасын, иін тірескен халықты көруге болады. Шет елдік байқаушылар да жоғары белсенділікті  атап өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, биыл 65 елде орналасқан елшілікте сайлау учскелері жұмыс істеді. Онда іссапарда жүрген отандастармыз, елшілік қызметкерлері, шет елде білім алып жатқан студенттер өз таңдауын жасады. Бір қызығы, уақыт айырмашылығына байланысты жұмысын ең соңғы бастайтын АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы сайлау учаскесі. Ол дүйсенбі, яғни ертең таңғы 7 де ашылады. Сондықтан жеңіске жеткен кандидаттың толық қанша пайыз дауыс жинағанын ертең бір-ақ, естиміз. Ал «Экзит пулл», яғни сауалнама нәтижесі, түнгі 12-лер шамасында жарияланады деп күтіледі. Әзірге бізде бар ақпарат осы, Ләйлә. 

Рахмет. Орталық сайлау комиссиясынан соңғы мәліметтерді хабарлаған тілшіміз Мөлдір Бақыт-Қызы.