$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Түркиядағы Қазақстан азаматтары да сайлауға бір кісідей қатысты

AstanaTV
26.04.2015ж. 20:00
6561
Түркиядағы Қазақстан азаматтары да сайлауға бір кісідей қатысты

Бүгін Түркиядағы 1600-ге жуық жерлестеріміз де Қазақстан Президентін сайлауға ат салысты. Қазақстан азаматтары үшін Анкара, Ыстамбұл және Анталия қалаларындағы елшілік пен консулдықтың жанынан арнайы дауыс беру бөлімшесі ашылған. Сонымен қатар, Измир және Бурса қаласында білім алып жатқан қазақ студенттері үшін көшпелі сайлау жәшіктері жеткізілген.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Түркия арасында уақыт айырмашылығы 3 сағат. Нақтырақ айтсақ, Ыстамбұлда таңғы жетіде, яғни Астана уақытымен таңертеңгі 11-де, сайлау учаскелері ашылды. Түркиядан тілшіміз Самат Сүлейдің репортажы.

Түркиядағы дауыс берушілердің ең көбі Ыстамбұл қаласындағы нөмірі 205-ші сайлау учаскесінде тіркелген. Консулдық таратқан мәліметтерге сүйенсек, мұнда  699 сайлаушы бар. Жерлестеріміз өзінің азаматтық таңдауын жасау үшін, жергілікті уақытпен таңғы 07.00-ден бастап кезекке тұрды. Дауыс беру процесі Түркия уақытымен кешкі 20.00-ге дейін. Бұл Астана уақыты бойынша 23.00.

Ал Анкарада Қазақстан президенті сайлауында дауыс беру хұқы бар 570, Анталияда 350 қазақстандық азамат тіркелген. Жұмыс бабымен немесе туристік бағытпен келген жерлестеріміздің де таңдау жасауына барлық жағдай жасалыпты.

Әсия Нағұманова, Стамбулдағы №205 сайлау учаскесінің хатшысы:

Ыстамбұл қаласындағы дауыс берушілерді учаскеге жеткізу үшін, арнайы көлік үйымдастырылды. Себебі қала үлкен болғандықтан, әрі жолды жақсы білмейтіндерге жеңіл болсын деген мақсатпен. Ал туристік немесе жұмыс сапарымен жүрген азаматтарымыз алдын ала алынған тізімде болмаса да, келіп, өзінің төлқұжатымен дауыс беруге мүмкіндігі бар.

Дауыс берушілердің ішінде Қазақ ұлттық университетінің бір топ студенттері де бар. Білімін жетілдіру мақсатында келген Жақсыбай - шет елде сайлауға алғаш рет қатысып отырғандардың бірі.

Жақсыбай Пазылбеков, Қазақ ұлттық университетінің студенті:

Студенттер тәжірибелік сапарымыз барысында өзіміздің азаматтық парызымызды өтеу үшін, осы 205 сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп жатырмыз. 

Түркия бойынша дауыс беру процесі жергілікті уақытпен сағат 20.00-де тоқтатылады. Осылайша, заңға сәйкес, комиссия мүшелері сайлаушылардың бюлетеньдерін есептеуі тиіс. Барлық дауысты қорытындылап, Орталық сайлау комиссиясына жібереміз, дейді сайлау учаскелеріндегі мамандар. Соңғы сағаттардағы мәліметтер бойынша, Анкара, Ыстамбұл және Анталия қалаларындағы сайлаушылардың 80 пайыздан астамы дауыс беріп үлгерді.

Самат СҮЛЕЙ