$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Атыраулық мұнайшылар да өз таңдауын жасады

AstanaTV
27.04.2015ж. 01:00
1880
Атыраулық мұнайшылар да өз таңдауын жасады

Атыраулық мұнайшылар қауымы да бүгін өз таңдауын жасады. Ғасырдан астам тарихы бар «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының мұнайшылары, мемлекет басшысын таңдау үшін өз учаскелеріне көтеріңкі көңіл күймен келді. Ауысыммен еңбек ететіндіктен мұнайшылардың үштен бір бөлігі бүгін қызмет орындарында. Компания, өзіне қарасты алты басқарманың мұнайшыларына 30 автобус бөлді. Базаргүл Нәдірқызы қара алтын өндірушілердің дауыс беру сәтіне куә болды.

«Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты кен орындарының мұнайшылары бүгін әдеттегідей ерте тұрып, жұмыс киімдерін киіп, сақадай сай. Бірақ олар қауырт жұмысқа кіріспес бұрын, елдегі саяси науанға қатысып, өздерінің азаматтық позицияларын білдірді. Мұнда қызмет ететін 131 сайлаушы осы кен орны маңындағы ауыл тұрғындары және ауысыммен жұмыс істейтін жұмыскерлер. Олар көпшілікпен бірге Абай атындағы орта мектепте орналасқан 134 сайлау учаскесіне келді.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Салтанат Балғынбаев кен орныда жұмыс істейтін мұнайшылар сайлау учаскесіне бірнеше автобуспен жетті. Көңіл-күйлері көтеріңкі. Жеткенше, тіпті әндетіп барды. Кен орнынан 13 шақырым қашықтағы Аққыстау ауылы - бұл. Вахталық тәсілмен еңбек ететін мұнайшылардың дені осындағы сайлау учаскесінің біріне тіркелген. Нұрлан Қисметов - мұнайшылар әулетінің өкілі. Ол ел экономикасының қуаты мұнай-газ саласында дейді. Сондықтан алдымен жарқын болашақ үшін дауыс беруге келгенін айтады.

Нұрлан Қисметов, «Жайықмұнайгаз» МГӨ Басқармасының мұнай дайындау операторы:

Мен осы мұнай саласында жиырма жылдан бері еңбек етемін. Отбасым, ағаларым, апаларым осы мұнай саласында. Солардың ізін басып Жайық мұнайгаз басқармасында қызмет етудемін. Бұрын да сайлауларға қатысып жүрмін қалмай. Бүгінгі сайлауға да еліміздің болашағы үшін, жастарымздың жарқын болашағы үшін өз таңдауыңды жасадым.

Астана қаласының тұрғыны Шолпан Жұмағалиева Атыраудағы мұнай өндіру мекемесінде жұмыс істейді. Ол Президент сайлауына осымен екінші рет мұнайлы мекенде дауыс берген.

Шолпан Жұмағалиева, «Жайықмұнайгаз» МГӨ Басқармасының мұнай дайындау операторы:

Астана қаласының тұрғынымын. Ауысымдық әдіспен осында он жылдан астам жұмыс істеймін. Лайықты үміткерге дауыс беру үшін келдім. Менің ойымша, еліміз көркеюде. Ал біз одан әрі өз үлесімізді қосу үшін жігерімізді, еңбегімізді аямаймыз.

Айта кетейік, «Ембімұнайгаз» АҚ қарасты алты басқармада бес мың бес жүзден аса адам жұмыс істейді. Солардың үштен бірі бүгін ауысымдық қызметте.

Қуандық Халидуллин,  «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының жалпы сұрақтар жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы:

Азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыру үшін жергілікті вахталық қалашықтарда отыздан астам автобус ұйымдастырылып, қалашықтарға жақын жердегі поселоктардан, аудан орталықтарынан өздерінің сайлау учаскелерінен дауыстарын беріп жатыр. Түнде вахтадан шыққан жұмысшылар, ең бірінші кезекте дауыс береді.

Графиктеріне байланысты автобустар жеткізіп, кейін жұмыс орындарына әкеледі. Бұл мұнайшылардың қызметі мен олардың тәуліктік өнім өндіру көлеміне еш әсер етпейді,-дейді басшылық. Себебі олар кесте бойынша кезекпен тасымалданып отырды. Ал демалыстағы мұнайшылар өз сайлау учаскелері бойынша дауыс берген. Ел экономикасының тірегі саналатын мұнай-газ саласы өкілдері саяси науқанда әрқайсымыздың дауысымыз маңызды деп санайды.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ