$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Еліміздің СІМ жер сілкінісінен кейін хабарсыз қалған 11 азаматпен байланыс орнатты

AstanaTV
27.04.2015ж. 20:00
1333
Еліміздің СІМ жер сілкінісінен кейін хабарсыз қалған 11 азаматпен байланыс орнатты

Сыртқы істер министрлігі Непалда орын алған зілзаладан кейін хабарсыз қалған азаматтармен байланыс орнатты. Бүгінгі таңда 11 отандасымыздың дін-амандығы анық, - деп жазады аталған министрліктің ресми сайты. Сондай-ақ тағы 5 адамға қатысты ақпарат нақтыланып жатқанын хабарлаған. Ольга Тропынина, Айбек Махамбетов, Айдар Қайыпов, Марина Касенко және Елена Шерпа жер сілкінген кезде Катманду қаласында болуы мүмкін, дейді. "Үндістандағы елшілікке біздің азаматтардан хабарсыз кеткен туыс-туғандарын іздеуді сұраған өтініштер көптеп түсуде. Қос елдің арасында дипломатиялық байланыс орнамаса да, Непал билігі бұл істе Қазақстанға ерекше қолдау көрсетуде", - деді, министрліктің ресми өкілі Алтай Әбибулаев.

Министрлік дерегінше, байланыс орнатылған 11 азаматтың арасында павлодарлық көп балалы ана Светлана Кузина да бар. Отағасы Юрий Кузин, зайыбының  балаларымен екі ай бұрын Непалға кеткенін айтады, бірақ табиғи апаттан кейін олармен байланыс үзілген. 

Юрий Кузин:

Мен әлі күнге дейін отбасыммен байланыса алмай отырмын. Елшілікке шықтым. Олар Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігінің екі ұшағы, орыс тілді азаматтарды эвакуациялау үшін, ұшып кеткендігін айтты. Бірақ әйеліммен сөйлесе алмадым. Жазғаныма жауап бермеді. Мүмкін, хабарламамды алмаған болар.

Еске салсақ, өткен сенбіде Непалда күші 8 баллға жеткен жер сілкінісі болды. Кейбір ақпарат көздері зілзала құрбандары 3 218 адамға жеткенін хабарлап отыр. Іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Непалдықтарға Қытай, АҚШ, Канада, Австралия, Жапония және Шри-Ланка құтқарушылары жәрдемдесуде. Гуманитарлық көмекпен қоса, шет мемлекеттер қаржылай да қолдау да жеткізілуде. Айта кетейік, бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлаған.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ