$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Асылжан Мамытбеков: Қазақстанның импорттық азық-түлікке тәуелділігі 2014 жылы 6,2 пайызға төмендеді

AstanaTV
08.05.2015ж. 20:00
1744
Асылжан Мамытбеков: Қазақстанның импорттық азық-түлікке тәуелділігі 2014 жылы 6,2 пайызға төмендеді

Қазақстанның сырттан келетін азық-түлікке тәуелділігі 2014 жылы 6,2 пайызға төмендеген. Орталық коммуникациялар қызметінде агроөнеркәсіп кешенінің өткен жылғы қорытындысын жасаған Ауыл шаруашылығы министрі мұны тарихи төмендеу деп бағалады.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден тауар жеткізу 10 пайызға кеміген. Қазақстан сиыр еті импортын 42,3 пайызға, жұмыртқаны 3 есеге, картопты 2 есе және сырттан келетін қияр көлемін 5 есеге жуық қысқартқан. Брифинг барысында журналистердің сұрағына жауап берген министр, еліміздің су басқан аймақтарында егін егу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын, мәлімдеді. Оның сөзінше, апаттан қатты зардап шеккен Қарағанды және Ақмола облыстарында алқаптар құрғап, егін егу науқаны басталған.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Қарағанды, Ақмола облыстарындағы су тасқыны егін егу жұмыстарының барысына қатты әсер ете қойған жоқ. Бидай тұқымы мен қоймалары суға кеткен жекелеген шаруалар бар. Олардың шығындары арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша кейін өтеледі. Қазір Оңтүстік өңірде егіс науқаны аяқталса, Қарағанды облысында құрғаған алқаптарда жұмыс жүргізіліп жатыр.

Алдымыздағы жылдың алғашқы жиын-терім науқаны Қазақстанда құрастырылған John Deere маркалы ауыл шаруашылығы техникасымен жүргізіледі. Әлемге әйгілі компания 2016 жылы Павлодар облысында құны 50 млн долларлық жобаны іске асырады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласына қажетті техниканың 1000-нан астам  түрін құрастыруға қауқарлы.

Тлек Бекбасаров, «Еуразия Групп» компаниясының өңірлік даму директоры:

Жоба Павлодар қаласында жүзеге асырылады. Сондай-ақ өңірлерде батыс стандартына сай қызмет көрсету орталықтарының құрылысы жоспарлануда. Қазірдің өзінде Қазақстанда 13 қызмет көрсету орталығы бар. Бұл жұмыстарға қосымша 50 млн долларға дейін инвестиция құямыз. Жаңа орталық «Қазақстанда жасалған» деген маркалы техникаға қызмет көрсететін болады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ