Кабулде лаңкестердің қолынан қаза тапқан қазақстандық азаматша Әйгерім
Абдуллаеваның туыстары Астанада Сыртқы істер министрлігі ғимаратын торуылдап
жүр. Олар марқұмның денесін елге жеткізе алмай, әбігерге түскендерін
айтады. Еліміздің Кабулдағы елшілігі, Қазақстан тарапы тиісті құжаттарды
реттемеген себепті, денені аттандыру мүмкін болмай отырғандығын айтты, - дейді марқұмның жақындары.
Біләй Ыбыраева, Әйгерімнің әжесі:
Бүкіл елге, осындай терракт болды, осындай азаматшамыз қайтыс болды, оның
тегіне дейін, атына дейін, жасына дейін, бәрін жазып хабарлағанда, соның
шешесінің мәліметтерін таба алмады дегенге кім сенеді? Интернетке жазып қойыпты,
отбасына бардық, қайғысын бөлістік, мына МИД. Сонда өтірік.
Әлия Абдуллаева, Әйгерімнің әпкесі:
Бізге тек қана өзі керек қызымыздың. Жеткізіп жіберіңізші, анасын алып
қалайық, я болмаса, аман. Мына жақта тұрғанымызға сағат 10-нан болды, есікке
кіргізбейді де. Қазір күте тұрыңыз, біз шешейік деп. Нені шешіп жатыр: 13-нен
бүгін 7 күн болды. Мұсылман емеспіз бе, адамша жерлейікші қызымызды.
Ал министрлік өкілі бұл сұрақ төңірегінде ауған тарапымен келіссөз жүріп
жатқанын айтты. Елде әлі де лаңкестік қақтығыстар жалғасып жатқандықтан,
түсіністік танытуды сұрады. "Бейсенбі мен жұма Ауғанстанда ресми демалыс
күндер. Сондықтан қарсы тараппен байланысу тек сенбі, жексенбі күні мүмкін
болды",- деген министрлік өкілі қазір барлық құжаттың реттелгенін, алдағы
екі күнде марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілетінін айтты. Қазақстан мен
Ауғанстан арасында тікелей әуе қатынасының жоқтығы да жағдайға кері әсерін
тигізуде.
Алтай Әбибуллаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Қазақстан Республикасының Кабулдегі елшілігінің қызметкері осы мәйітпен
Кабулдан Стамбул арқылы Алматыға келеді. Оған қоса, біздің елшіліктің
азаматтары қаза болғаннан кейін, Қазақстанның азаматтары болғаннан кейін,
өздері ақшаларын жинап, жеке ақшаларын жинап, Алматыдан Астанаға әкелуге өз
ұсыныстарын білдіріп, өздері сөйтіп шығып отыр. Сондықтан денесін, Құдай қаласа, сәрсенбі күні біздің қызметкерімізбен бірге Алматыдан Астанаға әкелетін ойымыз
бар.
Еске салайық, 28 жастағы Әйгерім Абдуллаева мен оның Ауғанстан
Индустрия министрлігінде қызмет еткен жолдасы - Италия азаматы - 13 мамырда тәліптер қолынан қаза тапты. Қарулы лаңкестер ерлі-зайыпты тоқтаған қонақ үйге
баса-көктеп кіріп, шетел азаматтарын кепілге алған. Осы сәтте қонақ үйде
шетелдіктер үшін мерекелік концерт өтіп жатқан еді. Оқиға орнына полицейлер
жетіп, лаңкестермен арадағы атыс 7 сағат бойында жалғасқан. Қақтығыс кезінде
түрлі елдің 14 азаматы қаза тапты.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА