Алматыда сәби сатуды пайда
көзіне айналдырған дәрігерлерге қатысты сот процесі басталды. Ол жабық есік
жағдайында өтіп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша 32 адам сот алдында жауап беруі
тиіс. Оларға Қылмыстық кодекстің «кәмелетке жасы толмағандарды саудаға салу»
және «жалған құжаттарды қолдан жасау» баптарымен айып тағылып отыр.
Қалалық
соттың дерегінше, нәрестелерді саудалау облыстық көп салалы ауруханада орын
алған. Дәрігерлердің үстінен қозғалған қылмыстық іс 45 томнан тұрады. Сот
барысында 18 адамға қатысты кепілге босату туралы шешім шықты. Қалған 14-і
тәртіпке шақырылып, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді.
Диас Махамбетов, Алматы қалалық
соты ақпаратпен қамту бөлімінің жетекшісі:
Бүгінгі тыңдауларда тараптар
процессуалдық келісімге келу туралы өтініш жасады. Яғни айыпталушылардың 11-і
кінәсін мойындап, келісімге келмек. Қылмыстық кодекстің 628 және 362 баптарына сәйкес, сот тыңдауларды үзіп,
процессуалды келісім жасасуға бір апта уақыт берді.
Самат ҚАНАҒАТОВ