$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Бергей Рысқалиевтың қылмыстық тобының белді мүшесіне үкім шықты

AstanaTV
10.02.2016ж. 20:00
1972
Бергей Рысқалиевтың қылмыстық тобының белді мүшесіне үкім шықты

Атырауда Бергей Рысқалиевтың қылмыстық тобының мүшесі деген күдікпен қамауға алынған Олег Павличенкоға қатысты сот үкім кесті. Ол жалған кәсіпкерлікпен айналысып, бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Павличенко «Рысқалиевтың қылмыстық тобы құрамында жалған фирмалар тіркеумен және ұрланған бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға алмастырумен айналысты» деген күдікке ілінген. 2012 жылдың қазанында оған халықаралық іздеу жарияланды. 2013 жылдың қарашасында Мәскеуде қолға түсіп, кейін елге экстрадицияланған. Деректерге сүйенсек, ол Ресей астанасында  арнайы қорғауға алынған зәулім үйде тұрған. Сот үкімін тыңдауға сотталушының туыстары келмеді, тек қорғаушысы мен БАҚ өкілдері  болды. Сот оған мемлекетке келтірген 15 млрд теңгеге жуық қаржыны өтеуді де міндеттеді.

Жұмағали Ташимов, облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы:

Жалпы 15 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза кесілсін. Қылмыстық  жолмен табылған дүние-мүлкі тәркіленіп, 4 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналысуға тиым салынсын. Жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтесін.

Игорь Вранчев, адвокат:

Сот үкімімен келіспейміз. Жалған келісімшарттар арқылы қаржы жымқырды деп айыптаған, 105-107 эпизодтың барлығын жоққа шығардық. Сондықтан біз әрі қарай шағымданамыз.

Айта кетейік, Бергей Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты облыстағы бірнеше лауазымды тұлғаға 2014 жылдың қарашасында сот үкімі шыққан болатын. Ал бұл істегі басты фигуранттар Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали әлі күнге дейін халықаралық іздеуде жүр. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ