Қызыл
су басқан Зырян ауданындағы ауылдарға көмек көрсетіледі. Бірақ, Шығыс Қазақстан
аймағының әкімі Даниал Ахметов тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға «аз ішіп,
көп еңбектенуге» кеңес берді.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Барлығына көмек көрсетіледі, дамба тұрғызуға
қаржы бөлеміз. Бірақ, біз адамдарға көмек керектігіне көз жеткізуіміз керек.
Отырып алып, «самогон» ішкеннен ешқандай пайда болмасы анық.
Жақында
өңір басшысы тасқын судан ең көп зардап шеккен Снегирево ауылының тұрғындарымен
кездесті. Қызылсудан зақым келген барлық баспаналарды, шаруашылық нысандарды
аралап, жағдайымен танысты. Еске салсақ, сәуір аяғында Хамир және Тұрғысын
өзендері арнасынан асып, Зырянь ауданындағы 7 ауылды су басып қалған еді. 860
адам шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Қазір қызыл су қайтып,
адамдар үйлеріне оралған. Арнайы комиссияның қорытындысы бойынша 273 ғимарат
зардап шекті, 172 баспана толықтай су астында қалды, 101 үйдің ішіне су кірген.
Қираған 45 нысан қайта қалыпқа келтіруге жарамай қалды. Облыс басшысы, келген
шығындардың көлемі толық есептеліп, республика бюджетіне жөнелтілетінін
жеткізді. Бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес, баспаналар, гидротехникалық
нысандар, автокөлік жолдары, көпір және тағы да басқалары жөнделеді. Қазіргі
уақытта тұрғындар барлық азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз етіліпті.
Ирина
Дрогалева, Снегирево
ауылының тұрғыны:
Жастық, төсек-жабдықтары, азық-түлік, барлық қажетті заттарды қолымызға алдық. Ұн, күнбағыс майын, барлығын алдық.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Ауыл округының әкіміне айтарым, барлығын қадағалау
керек. Мерекелер өтті,тұрғындар өз бақшаларымен айналыссын. Барлық тұрғын өз
ауласын қалыпқа келтірсін. Мен мамырдың 16-сына келемін. Сол кезде әр аулада
тәртіп болсын. Қол қусырып күтудің қажеті жоқ. Қанша күн өтті, жұмыла жұмысқа
кірісейік.
Берік ХАСЕНОВ