$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Павлодарда былтыр ғана жөндеуден өткен көпірдің бір бөлігі опырылды

AstanaTV
13.05.2015ж. 13:00
Павлодарда былтыр ғана жөндеуден өткен көпірдің бір бөлігі опырылды

Керекуде былтыр ғана жөндеуден өткен көпірдің бір бөлігі опырылып түсті. Төтенше жайт кеше кешкі сағат сегіз шамасында орын алған. Трамвай линиясына жақын жерден пайда болған ордың кесірінен, көпірдегі қозғалыс тоқтатылды. Оқыс оқиға көлік жүргізушілердің наразылығын тудырды. Өйткені, бұл өткелде былтыр ғана күрделі жөндеу шаралары жүргізілген болатын. Қалыпқа келтіру жұмыстарына қала қазынасынан 133 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Жергілікті биліктің есебінше, осыдан кейін Кутузов көпірі қауіпсіз әрі жарты ғасырдай алаңсыз пайдаланылуы тиіс еді. Бірақ, қолданысқа берілгеніне алты ай толмай, өткелдің бір бөлігі істен шығып, апатты жағдай тудырды. Әуелі асфальт отырған. Кейін ортасынан опырылып, жолдың бір жағында диаметрі 5 метрдей шұқыр пайда болды. Енді бір жорамал бойынша, төтенше жайттың туындауына асфальт астындағы топырақтың ылай сумен шайылуы себеп болған.

Ержан Иманзайыпов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:

Жөндеу жұмыстары көпірдің жоғарғы бетінде жүргізілді. Яғни, теміржол өтетін бөлігінде. Ал, дәл опырылған аумақта жөндеу шаралары жүргізілмеген. Топографиялық түсірілім кезінде, асфальт қабаты бұзылған жерде кәріздік құдықтың бары анықталды. Осы кәріздік құдық арқылы лай су топырақты жайып отырған.

Әсем МҰХИТОВА