Астанада
жоғалып кеткен студенттің өлі денесі табылды. Медицина университетінің 6 курс
студенті 23 жастағы Ерасыл Әубәкіров осыдан 8 күн бұрын жоғалған еді. Бірқатар
ақпарат құралдарының қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап таратқан
ақпарына қарағанда, жігіттің денесін полицейлер кеше түнде қар астынан тапқан. Қылмысқа «қатысы бар» деген күдікпен 3 азаматтың ұсталғаны айтылуда.
Дегенмен құқық қорғау органы ресми мәлімет бермей отыр. Ресми емес деректерге
қарағанда, Ерасыл қасақана өлтірілген болуы мүмкін. Табылған мәйітті жігіттің
туыстары таныған.
Еске салсақ, Медицина
университетінің студенті Ерасыл Әубәкіров 3-ші ақпаннан бері іздестіріліп
жатқан еді. Туыстары мен жақын достары және мыңдаған астаналық ерікті жастар
бұл шараға жұмылдырылды. Оқу ордасының ұжымы да үздік студенттің өліміне
есеңгіреп қалған.
Алтынбек
Нұрмұханов, Астана медициналық университетінің деканы:
Әубәкіров
Ерасыл - университетіміздегі ең белсенді студенттің бірі. Интернатурада хирургия
мамандығы бойынша оқыды. Ерасыл - 3 тілді еркін меңгерген студент. Қоғамдық
жұмыстың барлығына ат салысқан. Әншілік, өнер жағынан да. Ата-анасына Астана
медицина университетінің атынан көңіл айтамыз.
Ерасыл
Әубәкіров туған жері Өскеменге жерленеді деген ақпарат тарады. Қазір онда
марқұм болған студентті танитын азаматтар мен оның достары жиналып жатыр.
Алуа
Андинова, Е.Әубәкіровтың досы:
Мен
қайғылы хабарды бүгін естідім. Суретті көріп, оны бірден таныдым. Өте қиын
екен. Ол әрдайым көңілді, ақжарқын
жүретін еді. Бірден көмегін де ұсынатын. Болашаққа үлкен жоспарлар
жасаған болатын.
Құралай ПИОНЕР