$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Қазақстанда 2020 жылға дейін балалардың 100 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылмақ

AstanaTV
13.05.2015ж. 20:00
907
Қазақстанда 2020 жылға дейін балалардың 100 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылмақ

Қазақстанда бес жүз мыңнан астам бала мектепке дейінгі мекемелерде кезекте тұр. Десе де, 2020 жылға дейін олардың 100 пайызы балабақшалармен қамтылмақ. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының «Білім және ғылым» бағыты бойынша сарапшылар тобының кураторы, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исимбаева мәлімдеді. Айтуынша, әсіресе балабақшалар мен мектепке дейінгі ұйымдардың жетіспеушілігі Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Маңғыстау облыстарында байқалады.

Партиялық куратордың сөзінше, бүгінгі таңда елімізде 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 78,6 пайызы мектепке дейінгі білім берумен қамтылған. Осы уақытқа дейін салынып, ашылуы тиіс 3 мың мектепке дейінгі ұйымның 1969-ы іске қосылды. «2017 жылға қарай тағы мың мекеме ашу жоспарлануда, яғни балалардың 80 пайызы мектепке дейінгі білім берумен қамтылады», - деді Гүлмира Исимбаева.

Гүлмира Исимбаева, «Нұр Отан» партиясының «Білім және ғылым» бойынша сарапшылар тобы кураторы:

Бүгінгі сараптама тобында біз көрсеткіштері төмен өңірлерді қарап, Білім және ғылым министрлігін тыңдап, жергілікті атқарушы биліктің, партия мүшелерінің ұсыныстарын тыңдап, әрі қарай қандай іс-шара жоспарын жасауымыз керек. Мына тұғырнамада көрсетілген индикаторға жету үшін, сонымен бірге Елбасының берген тапсырмасы бар 2020 жылға дейін, 100 пайыз балаларды бақшалармен қамтамасыз ету, соның жолдарын қараймыз. 

Депутат жиында Мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесі туралы да әңгімеледі. Айтуынша, елімізде 11-ші сыныпқа дейінгі жастағы балалардың ата-аналары банктерде баланың білім алуына арналған жеке есепшоттарын ашу мүмкіндігіне ие. «Баланың оқуына жинақталған қаражатқа мемлекет тарапынан жылына 5-7 пайыз көлемінде үстеме ақы қосылады, сондай-ақ 10 пайыздық банктік сыйақы бөлінеді. Қазіргі таңда бұл бағытта Халық, Темір банк және БТА банк қызмет етуде», - деді Гүлмира Исимбаева.

Гүлмира Исимбаева, «Нұр Отан» партиясының «Білім және ғылым» бойынша сарапшылар тобы кураторы:

Бұл қаражат балалардың тек ғана білім беруіне жұмсалады. Мысалы, бірінші сыныпқа барған бала болса, қаражатты құя бастасаңыз, ол он бірінші сынып бітіргенге дейін, үш, төрт, бес миллионға дейін қаражат жиналады. Құйған ақшаға байланысты. Ол қаражат баланың әрі қарай білім алуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда он мыңнан астам бала осындай есепшот ашып отыр банкіде. 

Жұрағат БАМАН