×

СҚО-ның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы тауар айналымы бәсеңдеп барады

AstanaTV
25.05.2015ж. 20:00
1243
СҚО-ның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы тауар айналымы бәсеңдеп барады

Солтүстік Қазақстан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы тауар айналымы бәсеңдеп барады. Бұл жайында облыстық статистика департаменті ақпарат таратты. Бірінші тоқсанның қорытындысына сәйкес, теріскейдің аталмыш одақ мемлекеттеріне экспорттаған тауар көлемі, былтырғы жылмен салыстырғанда, 40 пайызға азайған. Импорттың көрсеткіштері де мәз емес. Ол 18 пайызға қысқарыпты.

Ал жалпы Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауар айналымы шамамен жиырма пайызға төмендеген. Атап кеткен жөн, заң бойынша тұрғындардың шетелден өздері әкелген заттары экспорт пен импорт санатына жатқызылмайды.

Марал Нұржауыпова, СҚО статистика департаментінің басшысы:

Үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында Солтүстік Қазақстан облысы мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы тауар айналымы 118,4 млн долларды құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға кем. Өткен жылы тауар алмасу 145,4 млн долларды құраған еді.

Алайда, экономикалық сарапшылардың айтуынша, алыс-беріс ауқымы жақын арада қайта ұлғая бастайды. Себебі қазір Ресей рублі бірте-бірте күш алып келеді. Демек, импортталған тауарлардың бағасы өседі деген сөз. Ал бұл өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлердің сыртқы және ішкі нарықта бәсекелестік туғызуға жол ашады. Ал жақында Елбасы жариялаған 100 қадам бағдарламасы бұған қосымша септігін тигізеді, - дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Тұрар Ысқақов.

Тұрар Ысқақов, СҚО Ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы:

Президенттің бес реформасын іске асыратын жүз қадамның арасындағы «кедендік және салықтық жүйені оңтайландыру», «бір терезе жүйесі» сынды бастамалар кәсіпкерлердің алға жылжуына оң әсерін берері сөзсіз. Себебі мұның бәрі жұмысты жеңілдету үшін тындырылған. Яғни алдағы уақытта бизнесмендер түрлі қағаздарға уақытты шығындамай, жылдам әрекет жасайды.

Абзал ҚҰРМАНКИН