$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Сыр бойында жиырма жылдан соң шопандар слеты өтті

AstanaTV
25.05.2015ж. 20:00
1195
Сыр бойында жиырма жылдан соң шопандар слеты өтті

Ел аумағынан Қызылорда облысының Қақпа жайлауына мыңдаған шопан ағылды. Мал шаруашылығын зерттеп жүрген ғалымдармен кездескен шаруалар саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Айта кетейік, мұндай шара осыдан 20 жыл бұрын өтіпті. Екі күнге созылған шопандар мерекесіне әріптесіміз Шарипа Сақтапова да қатысып, малшыларды мазалап жүрген мәселелерді таныды.

Қаратау бауырындағы Қақпа жайлауына елуден астам ақ қанатты киіз үй тігіліпті. Алыс-жақын елді мекеннен келген шопандар осында. Олар мал шаруашылығын дамытуға ниетті. Ата кәсіпті тіршілік өзегіне айналдырған Айдархан Бержімбаев Шалқия ауылынан келіпті. Ол мұндай шара шопандар үшін қажет екенін айтады.

Айдархан Бержімбаев, шопан:

Кішкентайымнан малға араласып келемін. Білмегенімізді сұрастырып, сол жерде білеміз. Анау жоғарыдан келеді екен, солардан сұрастырып білеміз. Тәжірибе жинаймыз, деп ойлаймын өзім.

Қызылорда өңірінде байырғы қаракөл шаруашылықтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Кезінде құйрықты қаракөл қойларын әлемге паш еткен академик Хисметулла Үкібаевтың айтуынша, өткен ғасыр соңында Қазақстанда қойдың бұл түрінің саны 6 миллионнан асыпты. Ал бүгінде 70 пайызға азайған.

Хисметулла Үкібаев, Халықаралық қаракөл қауымдастығының төрағасы:

Жаңақорған ауданына қошқарларын әкеліп, шағыстыруға, мал тұқымын Атыраудан тасуға облыстық бюджеттен қаржысын көтерді. Сөйтіп екі жарым мың қойды қазір бордақылап жатырмыз. Малшылар бір-бірімен сөйлесіп, қайсысы тәуір екенін көзімен көріп, қолымен ұстағаннан кейін ғана, ынталана бастайды.

Мал шаруашылығындағы жаңа технологияларды жиналғандарға жоба авторларының өздері таныстырды. Әсіресе жайлаудағы көк шөпті жыл бойына малға азық қылуға болатын мүмкіншілік көптің қызығушылығын тудырған.

Бақытжан Көлбаев, жоба авторы:

Мал шаруашылығына керек көкөністі біздің ұсынатын күнделікті жылына 12 ай, 365 күн бойы беріп тұратын біздің мынадай жасап жатқан құрылғыдан бөлек нәрсе жоқ. Сондықтан біз бірінші болып нарыққа келіп, Қызылордадағы шаруашылықтарды осыған еліктіріп жатырмыз.

Жалпы Қызылорда облысы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын жүзеге асыруда алдыңға қатарда. Сондай-ақ жергілікті билік Ауыл шаруашылық министрлігімен, 100 тонна ірі қара етін экспортқа шығару үшін, ортақ келісімге қол қойды. Осы жоба аясында ет өңдейтін комбинат салу да жоспарда бар. Ал қарт Қаратаудың етегіндегі шопан тойы қазақтың ұлттық ойындарымен қыза түсті. 

Шарипа САҚТАПОВА