$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Тараздағы «Барысхан» елдімекенінің тұрғындары қолаңса иістен құтыла алмай жүр

AstanaTV
26.05.2015ж. 10:00
1771
Тараздағы «Барысхан» елдімекенінің тұрғындары қолаңса иістен құтыла алмай жүр

Тараздың іргесіндегі «Барысхан» елдімекенінің тұрғындары үшін таза ауамен демалу мұңға айналған. Олардың айтуынша, бірнеше мекеменің қалдық сулары ағатын құбыр жарылып, бір айдан бері қолаңса иіс қолқаны алып тұр. «Барысхандықтардың» айтуынша, жергілікті биліктен бұл мәселеге құлақ асар жан табылар емес.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мына жолдың бойын жылғалап аққан сасық су бір айдан бері тоқтаусыз. Әсіресе, мына қайнар секілді құбырдан кешкі уақытта қара қою қоспалар ағатын көрінеді. Бұл жарты шақырым жердегі әртүрлі мемлекеттік мекемелердің шайынды сулары екен. Құбырдың исі қолқаны қапты деген тұрғындар жергілікті билікке жалтақтаумен келеді. Алайда, аққан су атқамінерлерді алаңдатпайды деп өкпелі.

Құралай Самиева:

Бәрінің айтатын жауабы: «Біздің балансымызда жоқ». Бүгін шешсе шешілді, шешілмесе әскери бөлім түбінен қаппен тура осындай унка бар, жауып тастаймыз. Осыны істеймін, мен. Менің 5 балам бар. Біз исін қашанғы иіскеп отырамыз? Бұл деген ауаға, организмге зиян нәрсе. Өздері келіп, иіскеп отырсын, көрейік біз.

Айсара Анарбаева:

Мынандай сасық су қасынан ағып жатқанда, жерге сіңіп жатыр қандай таза су ағады. Исі невозможно, кешке жақын балалар далаға шығып ойнай алмайды. Біздің жақта тоқ жоқ, бізге айтты өздерің столбы алыңдар деді. Бір столбыңыз 40 мың тұрады екен.

Қалалық әкімдіктің белсенділері де шу шыққан жерге жедел жетті. Жауаптылар бес бірдей мекеме пайдаланатын кәріз жүйесі «Спирт зауыт» кәсіпорынына тиесілі екенін айтты. Алайда, аталған серіктестік бір жыл бұрын банкрот болғандықтан, құбыр жүйесіне немқұрайлы қарапты. Енді бұл мәселені бір ай болмай шешеміз деп сендірді.

Ерік Көшербаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

«Спирт зауытқа» енді біз сауал қоямыз. Өздері жөндеп қарау керек, болмаса «Өзің жөндеп қара, қарай алмасаң онда қалалық балансқа бізге өткіз. Содан кейін біз оны «Тараз-Суға» беріп, бұны жөндеп ары қарай қарасамыз. Бұл жерде асфальт болмайды. Өйткені жаңағы асфальт төсеп беруге толық қаражат жоқ. Электр энергиясына қазір бізде жобалық-сметалық документация дайындалып, келесі жылы заңды түрде бәрі дұрысталып, электр энергиясы тартылады.

Осылайша қала басшысының орынбасары уәдені үйіп төгіп кетті. Ал 2 мыңнан аса тұрғынның мұнда тұрып жатқандарына жеті жылдан асыпты.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ