$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Шығыс Қазақстандық балалар жазғы демалысын киіз үйлер мен шатыр астында өткізбек

AstanaTV
26.05.2015ж. 10:00
1655
 Шығыс Қазақстандық балалар жазғы демалысын киіз үйлер мен шатыр астында өткізбек

Шығыс Қазақстандықтар балалардың жазғы демалысы үшін құны қымбат лагерьлерден кем түспейтін керемет орындарды тапты. Олар енді қалада тұратын балғындарды аймақтарға жіберіп, ауыл өмірімен жете таныстыруды қолға алмақ. Ол үшін арнайы туристтік бағыттар жасалды. Кішкентай саяхатшылардың жатын орындары ғимараттар емес, даладағы киіз үйлер мен шатырлар болмақ. Ал ересек балаларға еңбек лагерлерінде жұмыс істеу мүмкіншілігі туады. Осылайша, шығыстықтар 15 мыңға жуық мектеп оқушысын қызықты әрі пайдалы жазғы демалыспен қамтуды ұйымдастырмақ. Әрі мұндай демалыстың бағасы да қол жетімді болады дейді жауапты мамандар.

Ирина Щеглова, ШҚО Дене тәрбиесі және қосымша білім беру орталығының директоры:

Ата-аналардың мектеп не ұйымдастырады деп күтіп отыруының қажеті жоқ. Қазір жан-жақты дамыған заман. Интернет бар. Онда демалыстың түр-түрлері ұсынылған. Арзан әрі тиімді демалыс орындары да кездесіп жатады. Ата-аналарға белсенді болу қажет.

Ал, Ақтау қаласында бұрынғы пионер лагерьлері мен балаларға арналған түрлі сауықтыру орындарының көбі белгілі бір мекемелердің меншігіне өтіп кеткен. Онда көбінесе тұрмысы төмен отбасылары мен балалар үйінің жасөспірімдері демалады. Ал өзге ата-аналарға қалталарын қағуға тура келеді. Мәселен, өскемендік балалардың 10 күндік лагерге жолдамасы орташа есеппен 30 мың теңге тұрады. Ақтауда бұдан әлдеқайда қымбат. Онда 40-60 мың теңгеге дейін жетеді.

Ксения Широкова, ата-ана:

Қазір жазғы лагерь дегендер қол жетімсіз. Өте қымбат. Мәселен менің балам 8 жаста, кішкентай. Оны жіберуге қорқамын. Ал мектеп жанындағы лагерге жіберейін десем, ондағылар биыл тек бюджеттіктердің балалары мен табысы аз отбасыларының балалары демалады дейді. Мен күні бойы жұмыстамын, баламды жіберетін жер жоқ.

Жұрағат БАМАН