$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Оралда ҰБТ-да бағын сынаушылар азайып барады

AstanaTV
26.05.2015ж. 13:00
969
Оралда ҰБТ-да бағын сынаушылар азайып барады

Батыс Қазақстан облысында ұлттық бірыңғай тестілеуде бақ сынайтын түлектер саны жыл сайын азайып барады. Аудан әкімдерімен өткен жиында, облыс басшысы Нұрлан Ноғаев осы мәселеге жергілікті биліктің назарын аударды. Мәселен, биыл 4 мың 581 оқушы мектеп бітірсе, солардың тек 69,2 пайызы тест тапсыруға ниет білдірген. Ал облыстың Жаңақала ауданында ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын шәкірттердің саны былтырғымен салыстырғанда биыл 15 пайызға аз. Осы деректерді алға тосқан өңір басшысы сынақ тапсырар кезде талапкерлерге психологиялық тұрғыда қысым көрсетпеу керектігін ескертті. Ұялы телефондар немесе өзге де тыйым салынған құралдарды іздеген тексерушілердің абыройсыз әрекетке бармауы керектігін аудан әкімдеріне қатаң тапсырып, бұл іске олардың тікелей жауапты екендігін нықтады.

Қайрат Әбуов - БҚО Әкімінің баспасөз хатшысы:

Мектеп бітірген жастардың көбі Ресейдегі оқу орындарына құжаттарын тапсырады. Шетелде білім алғысы келгендерден бөлек, әскер қатарына шақырылғандар да бар. Жалпы есепке осы жағдай әсер етіп отыр. Оқушылармен түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырған облыс әкімі ұлттық бірыңғай тестілеу жыл сайын жетілдірілетінін баяндады.

Еркін КАРИН