$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Абылай Мырзахметов: «Адэм» базарының шығындары Ұлттық қор қаражаты есебінен өтелмеуі тиіс

AstanaTV
26.05.2015ж. 20:00
1173
Абылай Мырзахметов: «Адэм» базарының шығындары Ұлттық қор қаражаты есебінен өтелмеуі тиіс

«Адэм» базарының шығындары Ұлттық қор қаражаты есебінен өтелмеуі тиіс. Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Алматыда өрттен шығын көрген саудагерлердің көп шағымдарына қатысты пікір білдірді. Қазір палатаға алматылық 600-ден астам кәсіпкерден өтініш түсіпті. «Палата кәсіпкерлердің сөзін сөйлегенімен, мәселенің заң шеңберінде реттелуін қолдайды», - деді Мырзахметов. 


Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

Кейбіреулер эмоцияға ерік беріп, шығынды Ұлттық қордан қаражат бөліп өтесін, дейді. Бұл дұрыс емес, деп ойлаймын. Неліктен Ұлттық қордағы мемлекеттің ақшасы шашылуы керек? Бұл жерде қарапайым мәдениет жоқ. Келісімшарт, сақтандыру жоқ. Осындай жағдайларды қарастыратын заңдық тетіктер жоқ. Біз өткен жылы жосықсыз сауда ошақтарын сүруді реттейтін жол картасын әзірлеу жұмыстарын бастағанбыз, қазір бұл жұмыс уақытша тоқтап қалды. Еліміз бойынша 700-ге жуық базар бар. Алматыда бұл мәселе өткір тұр. Ертең өзге де қалаларда да туындайды.

Абылай Мырзахметов сондай-ақ жақында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің салық төлеуші мейрамханалардың «қара тізімін» әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынуына қатысты жеке позициясын білдірді.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

Мұндай қадам дұрыс емес шығар. Бұл менің пікірім. Ерғожин мырза біреу салық төлемейді десе - салық комитеті сол үшін құрылған мекеме. Заңды түрде ықпал етудің барлық тетіктері қолдарында. Тексеріс жүргізіңіз не жеке шақырып тілдесеңіз сол кәсіпкермен. Ал қоғамдық қысым арқылы ықпал ету, меніңше, дұрыс емес. Олай болса, салық төлеуші қатардағы азаматтардың да атын атап, түсін түстейік. Бұлай алысқа бармаймыз. Ал кәсіпкерлер палатасының реакциясына келетін болсақ, біз салық комитеті емеспіз. Сондықтан бұл мәселеге біздің қатысуымыз жөнсіз деп санаймын.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ