$518.97 €607.3 ₽6.64
×

ОҚО-дағы дихандар фитосанитарлық сертификат демалыс күндері берілмейтініне наразы

AstanaTV
26.05.2015ж. 20:00
1920
ОҚО-дағы дихандар фитосанитарлық сертификат демалыс күндері берілмейтініне наразы

Демалыс күндер - диханға тиімсіз. Оңтүстік қазақстандық дихандар экспортқа шығаратын өнімге берілетін фитосанитарлық сертификаттың демалыс күндері берілмеуі қолайсыздық тудырып отырғанын мәлімдеді. Оның үстіне, тауар тасымалдауға қажетті құжат тез беріле де қоймайды екен. Салдарынан тауардың бүліну қаупі басым. Тығырықтан шығудың жолы қандай? Мәселеге аймақтың кәсіпкерлер палатасы да құлақ түрді.

Есей Шалатаев - мақтаралдық шаруа. Ол ертең Ресейге 20 тонна қырыққабат жөнелтуі тиіс. Фитосанитарлық сертификат алуға өтінім беруге Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты агроөндірістік кешеннің аумақтық инспекциясына келген. Ол өткен аптада көрші елге тиісті сертификатты алмастан, тауар жіберіпті. Есесіне Ресей тарапы 300 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Тасымалдау мерзімі сенбі мен жексенбі күндеріне сәйкес келгендіктен, қажетті құжатты алу мүмкін болмады, - дейді.

Есей Шалатаев, ОҚО Мақтарал аудандық шаруалардың жоғарғы кеңесі қауымдастығының төрағасы:

Өткен сенбі-жексенбі күндері бізде 10 машина тұрып қалды. Біз оларды фитосанитарлық сертификат үшін ұстап тұра алмаймыз. Бізде ол жерде үлкен сумма. Сондықтан сенбі-жексенбі күні біздің шаруаларға сертификатты ақылы түрде етіп қойса да, біз соны өтініп сұрап отыр едік, ақылы түрде. Сенбі төлеуге дайынбыз ақылы түрде.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты агроөндірістік кешен аумақтық инспекциясы мамандары қазір күн сайын 20-30 өтінім қабылдайтындарын айтады. Ал науқан кезінде, яғни шілде, тамыз және қыркүйек айларында жетпіске жуық өтініш түседі. Кеден Одағы талабына сәйкес берілетін фитосанитарлық сертификатты жұмыс күндері рәсімдеуде қолбайлау жоқ көрінеді. Инспекциядағылар «жүгім тұрып қалды» деп, арыз айтқан адам әзірге кездеспеді, дейді. Бірақ демалыс күндері жұмыс тоқтатылғанын растады. Себебін де түсіндірді.

Сәбит Бекбосынов, ҚР АШМ агроөндірістік кешені мемлекеттік инспекциясы ОҚО аумақтық бөлімінің басшысы:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бүкіл республика бойынша біздің аумақтық бөлімшелерімізді тексеріп шықты. Сол тексеру нәтижесінде сенбі-жексенбі күні атқарған қызметіміз заңсыз болып табылып, осы жылдың 18 наурызынан бастап, бұны тоқтаттық. Сондықтан сенбі-жексенбі күні емес, қалған бес күннің ішінде де үлгереміз ғой деп.

Алайда, диханшылық негізгі күн көрісі болып табылатын жергілікті халық үшін әр минут маңызды. Өйткені қызанақ, қиыр, қызылша секілді көкөністер мен бау-бақша өнімдерінің алды әлдеқашан пісіп үлгерген. Тез бұзылатындықтан, аптаның жеті күнінде де құжат алу оларға маңызды. Бұл мәселеге қатысты прокурорлар мен мемлекеттік орган өкілдері де пікір білдірді.

Батыр Ергешов, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі:

Демалыс күндері аталған сертификаттардың беру - қолданыстағы заң талаптарына қайшы келеді. Бірақ қазіргі мынау біздің ауыл шаруашылық өнімдері пісіп жатқан кезде және Елбасымыздың саясатына сәйкес кәсіпкерлікті барынша дамытуға, біздің өнеркәсіпті көтеруге бағытталғандықтан, осы регламентке өзгерістер енгізу мәселесін біз қазір талқыладық.

Ғани Қарабеков, ОҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Распорядок рабочего дня дейді ғой, режим, соны өзгерту керек. Соны өзгерту үшін онша көп мәселе тұрмайды. Өзгертуге болады. Демалыс күндері бюджетте ақшасы болу керек, екі есе ақшасын төлеу керек сол жұмысшыларға.

Аталған ұсынысты мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдері кәсіпкерлер палатасымен бірлескен түрде тез арада Астанаға арнайы хат қылып жолдауды ұйғарды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ