$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Алматыдағы 58-ші балабақшада зардап шеккен алты бүлдіршін ауруханадан шықты

AstanaTV
26.05.2015ж. 20:00
1515
Алматыдағы 58-ші балабақшада зардап шеккен алты бүлдіршін ауруханадан шықты

Алматыдағы 58-ші балабақшаның алты тәрбиеленушісі ауруханадан сауығып шықты. Бұл туралы қалалық нөмірі 1-ші аурухананың бас дәрігері Абай Құсайынов айтты. Дәрігер балалардың денсаулығы қалыпты деп отыр. Дегенмен «жандағы жара толық жазылмайынша, балабақшаға бармағаны абзал» деді. Олардың денсаулығын енді тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емхананың дәрігерлері қадағаламақ. Ал, жуырда жан сақтау бөлімінен жалпы палатаға ауысқан екі бүлдіршін әзірге біраз күн ауруханада қалатын болды. 


Абай Құсайынов, Алматы қалалық №1 балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері:

Бізде қазір ауруханада ем алып жатқан екі баланың біреуінің миы соғылған. Маңдай бөлігінде жыртылған жара болатын. Ол өңделіп, операция жасалып, тігілген. Ол біріншілік тартылуымен жазылып келе жатыр. Ал екінші қыз баланың жағдайы жаман емес. Миы соғылғанымен бірге жамбас сүйектерінің шытынап кетуі, түрлі сызып, сырылып кеткен жеңіл жараққаттарымен, бүгінгі күні емін толық алып жатыр.

Еске салайық, қайғылы оқиға 20 мамырда «Таугүл -1» ықшам ауданындағы 58-ші балабақшада болды. Куәгерлердің айтуынша, жоғары жылдамдықпен артқа қарай жүрген жол талғамайтын көлік балабақша қоршауын соғып, балалар ойнайтын алаңқайды жапырып кетті. Құм салынған аумақта ойнап отырған 26 баланың біреуі қаза тауып, сегізі түрлі жарақатпен ауруханаға түскен еді. Қалалық ішкі істер департаментінің мәліметіне сәйкес, қазір көлік жүргізушісіне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Жүргізушінің өзі екі айға қамауға алынды.

А. ЕРМАХАН



{+СОҢЫ: }