Мексиканың Сьюдад-Акунья
қаласында торнадо соққысынан кем дегенде 13 адам қаза тауып, 200-ден астамы
жараланды. Бұл тарихтағы ең жойқын торнадоның бірі деп хабарлайды Рейтерс.
Жойқын дауыл бас аяғы алты секунд қана соққан. Бірақ оның қуатты болғаны сонша,
қас қағым сәтте 400-ден астам үйді қиратып, ондаған көлікті төңкеріп тастады.
Аударылған көліктер арасында мектеп автобусы да бар. Табиғи апат салдарынан 230
адам зардап шекті. Оның үшеуі бала. Алайда құтқарушылар қаза болғандар мен
зардап шеккендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр. Қалада төтенше
жағдай жарияланып, мектептерде сабақ тоқтатылды. Мексика президенті Энрике
Пенья Ньето апат салдарын өз көзімен көру үшін арнайы баратынын мәлімдеді.
Мексикадағы торнадо мен көршілес АҚШ-тың Техас штатында орын алған нөсер жауын
бір циклонмен келді. Техаста су тасқынынан бір адам қаза тауып, 12 тұрғын
із-түзсіз жоғалған болатын.
Айгүл ӘДЕПБАЙ