$539.54 €637.09 ₽6.52
×

Түркиядағы Парламент сайлауы жақындаған сайын, ірі қалаларда тыныштық бұзылды

AstanaTV
29.05.2015ж. 20:00
Түркиядағы Парламент сайлауы жақындаған сайын, ірі қалаларда тыныштық бұзылды

Түркияда Парламент сайлауына дайындық қызды. Сайлау алды науқан басталғалы бері Мерсин, Ыстамбұл, Адана секілді үлкен қалалардың тыныштығы бұзылды. Тіпті үгіт-насихат жұмыстары кезінде кандидаттарға тас лақтырып, қару қолданған фактілер тіркелген. Айта кетейік, парламенттік сайлау жетінші маусымда өтеді.  

Он тоғыз партия. Он мыңнан аса кандидат. Ал мәжіліске баратын депутаттардың саны 550. Сондықтан партиялар арасындағы талас-тартыс қыза түсуде. Саяси ұйым өклідері  әдеттегідей әртүрлі уәделерін үйіп-төгіп, ел-жұрттың көңілін шығуға әлек. Тіпті әдемі ән тыңдатып, билеп беруге әзір.

Билік басындағы Әділет және даму партиясы осы жолы мәжілістегі мүшелерін көбейтуді жоспарлап отыр. Ал негізгі оппонент - Ұлтшылдар қозғалысы мен Республикалық халықтық партия. 

Оғыз Карамук, саясаттанушы:

Әлеуметтанушылар жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, үкіметтегі партияның жинайтын дауысы теңселіп тұр. Яғни бірде 40 пайыздан асса, кейде төмен түсіп кетеді. Одан да аз болып қала ма деген қорқыныш та бар. Себебі Ердоғанның ел Президенті бола тұра, үгіт-насихат жұмыстарына қатысуы немесе билік партиясынан басқаларға митинг өткізетін үлкен алаңдардың берілмеуі ашу-ыза тудыруы мүмкін. 

Сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары басталғалы ірі қалаларда тыныштық бұзылды. Мәселен, Мерсиндегі Күрдтер партиясының бөлімшесінен жарылғыш зат табылса, Ыстамбұлдағы Әділет және даму партиясының ғимаратын таспен атқылаған. Сондай-ақ, Чорум қаласында екі бірдей саяси ұйымның кеңсесі қиратылған. Дегенмен, жарақаттанғандар да аз емес.

Хұсейін Иылдыз, Бейбітшілік және демократия партиясының өкілі:

Күні кеше үлкен деңгейде сайлаушыларымызбен кездесу ұйымдастырған едік. Бұл жарылыс - осыны көре алмай, жұмысымызға кедергі болғысы келгендердің ісі.

Оғыз Карамук, саясаттанушы:

Өкінішке орай, бұл сайлау кезінде келеңсіз оқиғалар көп тіркелуде. Кандидаттарға қоқан лоқы көрсету немесе кеңсені жарып жіберу деген - саяси науқанда қолданылмайтын әдіс. Мықтылығын бағдарламасымен көрсету керек. Бірақ бұл расында партиялар арасында болып жатыр ма, жоқ әлде араға от саулушылар ма, анықталады. 

Түркияның құқық қорғау органдары қауіпсіздік үшін жетінші маусымға дайындық үстінде. Ел үкіметінің жарлығы бойынша, тұрғындардың сайлау күні қару ұстап жүруіне және мейрамхана мен дүкен-сөрелерде спирттік ішімдік сатуға тиым салынды.  Бір Ыстамбұлдың өзінде саяси шара өтетін күні қырық мың тәртіп сақшысы қала тыныштығын күзетпек. Түркияда жиырма алтыншы рет өткелі отырған парламенттік сайлауда он тоғыз партия бақ сынамақ. 

Самат СҮЛЕЙ