$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ақтауда донор болу мәселесі талқыланды

AstanaTV
28.05.2015ж. 10:00
1677
Ақтауда донор болу мәселесі талқыланды

Ақтауда дәрігерлер мен дін өкілдері бас қосып, ағзаны ауыстыру мәселесін сөз етті. Дәрігерлердің дерегінше, бүгінде елімізде жүрек, бүйрек, бауыр мен өкпе трансплантациясын күткен 3 мың науқас кезекте тұр. Алайда, көбінің үміттен гөрі, күдігі басым екен. Бұған насихаттың аздығы себеп болса керек,- дейді жиналғандар. Қазақстанда қалыптасқан ереже бар. Оған сәйкес, адам көзі тірісінде донор болудан бас тартпаса, бақилық болғанда, оның дене мүшелері трансплантация үшін алынады. Алайда, бұған қарамастан, дәрігерлер туған-туыстардың келісімін алуға мәжбүр. Бірақ көп жағдайда қарсылыққа тап болатындарын айтады.

Қуаныш Ақпаленов, заңгер:

Трансплантологиясы дамыған елдердегідей, Қазақстанда да келісім алу ережесі бар. Яғни, адам көзі тірісінде өзіндік тілегін білдірмесе, оның ағзасы трансплантацияға алынады. Алайда, халықаралық талаптарда көрсетілгендей, мұндай норма бұл саясат кеңінен қолданылатын елдерде ғана жүргізілуі тиіс.

Ал, дін өкілдерінің донорлыққа қатысты өз пайымы бар. Олардың пікірінше, адам ағзасы алып-сатудың құралы болмауы тиіс.

Елдар Әтібеков, Маңғыстау облысы имамының орынбасары:

Ағзаны жалғыз Алла берген. Ол біздікі емес. Сондықтан, Алланың алдында жауап береміз бәріміз. Егер адам бергісі келмесе, оны күштеуге болмайды. Ал, егер ол донор болуға өз еркімен келіссе, оған рұқсат. Бірақ, бұл табыстың көзіне айналмауы керек.

Бүгінде Қазақстанда мұндай донорлар тек 10 пайызды құрайды. Қалғаны туыстық донорлық болып табылады. Яғни, жақын адамын аман алып қалу үшін туғандары бір бүйрегін немесе бауырының жартысын береді. Республикада небәрі 8 медициналық орталық трансплантациямен айналысады. Көпшілік клиникалардың ағза алмастыруға құқығы жоқ. Маңғыстау өңірінде мұндай құқыққа жалғыз облыстық аурухана ие. Дегенмен, осы күнге дейін аймақта жақынының ағзасын донорлыққа беруге келіскен бірде бір жайт тіркелмепті.

Әсем МҰХИТОВА