$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Биыл Астана көшелеріндегі кәріз жүйелері мен суағарларды қалпына келтіруге бөлінген 4 миллиард теңге қаражат игерілмеген

AstanaTV
28.05.2015ж. 10:00
2088
  Биыл Астана көшелеріндегі кәріз жүйелері мен суағарларды қалпына келтіруге бөлінген 4 миллиард теңге қаражат игерілмеген

Жаңбыр жауса су басып кететін Астана көшелеріндегі кәріз жүйлері мен суағарларды қалпына келтіруге биыл 4 миллиард теңге қаражат бөлінген. Алайда жарты жыл өтсе де мердігер компаниялар бұл қаржыны игере алмапты. Біздің арна тілшілеріне берген сұхбатында Ұлттық экономика министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің сумен жабдықтау және су бұру басқармасының жетекшісі Марат Әубәкіров осылай деді. Айтуынша, Астанадағы кәріз жүйелері мен суағарларды дамыту жобасына жалпы 2030 жылға дейін 140 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Марат Әубәкіров, ҚР ҰЭМ Жер ресурстарын басқару комитетінің сумен жабдықтау және су бұру басқармасының жетекшісі:

Биылғы жылы кәріз жүйелерін жөндеуге 4 миллиард теңге бөлінген. Алайда осы жұмыстармен айналысатын мердігер компаниямен кейбір қиыншылықтар туып, құрылыс жұмыстарын уақытылы бастай алмадық. Қазір бұл мәселе шешілді. Бұл бағдарлама аясында 2016 жылдың соңында құны 60 миллиард теңгеден асатын «Талдыкөл» атты ағын су жинақтаушы тоғанын іске қосу жоспарлануда. Ол суағарларда жинақталған жаңбыр суынан тез арылуға септігін тигізбек.

Ал «Астана Су арнасы» бас директорының орынбасары Сергей Вилковтың айтуынша, айлық нормадан астам жауған жаңбыр суына ешбір кәріз жүйесі шыдамайды. «Астанадағы суағарлар жақсы жұмыс істейді, толассыз жауыннан кейінгі су 3-4 сағат ішінде толық сіңіріледі. 2016 жылы «Талдыкөл» ағын су жинақтаушы тоғаны іске қосылғаннан кейін мәселе шешіледі деген ойдамын» - деді Вилков.

Сергей Вилков, «Астана су арнасы» бас директорының орынбасары:

Мамырда жауған жаңбыр мөлшеріне әлемнің ешбір қаласының кәріз жүйесі шыдамайды. Жиналған судың суағарларда 3-4 сағат ішінде сорылуы ол норма. Астанада да осылай. Қазір кәріз құбырлары және тазарту құрылыстары Көктал 1 және Тұран даңғылында салынып жатыр. «Талдыкөл» ағын су жинақтаушы тоғаны да салынып жатыр. Ол 2016 жылы тәмамдалады деп күтілуде.

Еске салайық, мамырдың 17-18-і күндері Астанада 1 айлық жауын-шашын мөлшері жауды. Салдарынан бірқатар көшелер жабылып, коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеді. Су соруға 80-ге жуық мамандандырылған техника тартылды. Нөсер жауынның салдарын жою барысында 2 күнде 10 мың текше метр су сорылған.

Жұрағат БАМАН