АҚШ-тағы Хьюстон қаласы су астында қалды. Ал,Техас пен Оклахомада
қаза болғандардың жалпы саны 19 адамға жетті. «Нөсер жауын салдарынан өзендер
арнасынан тасып, қалаға су жайылған» деп хабарлайды «Рейтерс»
агенттігі. Қаланың қазіргі көрінісі көз қуантарлық емес. Бірқатар тұрғындар
баспанасыз қалып, мыңнан аса үй қираған. Көшелерде қараусыз қалған көліктер
саны 2 жарым мыңнан асады. Табиғаттың тосын мінезінен Техас штатының 24
округында төтенше жағдай жарияланды. Көшелер суға толып, қозғалыс қиындаған.
Кейбір аудандарда бір тәулікте жауған жауын мөлшері 28 сантиметрге жетіп отыр.
Ал, ауа-райын болжаушылар жаңбыр әзір тоқтамайтынын айтады. Құтқарушыларға
көмек сұрап хабарласушы халықта есеп жоқ. Көлік ішінде қалып қойып, өз үйлеріне
жете алмай жатқан жергілікті тұрғындардан да мыңдаған қоңырау түсуде. Кейбір
аймақтарда ағыны қатты су ағаштарды тамырымен жұлып, автокөліктерді төңкеріп
тастаған.
Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ