Өскемендік зейнеткерлер Мәжіліс депутаттарына 35 мың теңге зейнетақыға бір
ай күн көруді ұсынды. Бүгін қариялар өңірге жұмыс сапарымен келген
мәжілісшілерге зейнетақының мардымсыздығын айтып шағымданды.
1998 жылы құрмет
демалысына шыққандардың, қай-қайсысының болмасын, еңбек өтілі - 45-50 жыл.
Оларға тиісті министрлік зейнетақыны есептеу кезінде сол 1990 жылдардың
соңындағы жалақылары негізінде зейнетақы тағайындаған. Тоқырау жылдарында
жалақы аз болды, - дейді қариялар. Соның салдарынан жарты ғасыр бойы бейнет
қылған жандар бар болғаны 35 мың теңгеге күніміз қарап қалды, дейді. Жылдар
бойы тиісті орындарға хат жазып, депутаттар мен министрлермен кездескенмен, аға
буын талабы орындалмай келе жатқанын тілге тиек етті.
Галина Акулова, зейнеткер:
Дүйсенова ханымның таныстырған жаңа тұжырымдамасы миға қонымсыз. Біз сонда
2017 жылға дейін аштан өлуіміз керек пе?! Мен 17 жасар қыз емеспін. Жасым
77-де. Тағы екі жыл 35 мың теңгеге өмір сүре тұру ақылға сыймайды.
Парламент депутаттары Нұртай Сабильянов пен Николай Кузьмин зейнетақы шешуі
қиын мәселе екенін мойындады. Дегенмен 35 мың теңгеге бір ай өмір сүріп көру
туралы қарттардың ұсынысын қабылдамады. Есесіне, жақын арада бұл мәселені
көтеруге уәде берді.
Николай Кузьмин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз бұл мәселені білеміз. Осында менің анам да, әпкелерім де тұрады. Осы
жердің тумасымын және біз бұл мәселені алдағы уақытта да көтереміз. 2017 жылға
шегеруі - бұл дұрыс есептемегеннен емес. Ол еліміздегі экономикалық жағдайға
байланысты болар, деп ойлаймын.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ