$498.51 €522.84 ₽4.81
×

«Астана» велокомандасы «Джиро де Италия» марафонын сәтті аяқтады

AstanaTV
01.06.2015ж. 13:00
1259
«Астана» велокомандасы «Джиро де Италия» марафонын сәтті аяқтады

«Астана» велокомандасы «Джиро де Италия» марафонын сәтті аяқтады. 21 кезең барысында желмен жарысқан қазақстандық ұжымның спортшылары командалық есепте бірінші орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, екі бірдей «Астана» клубының спортшысы жүлделі орыннан көрінді. Самат Қанағатов толығырақ.  

Биыл өткен «Джиро де Италия» марафонында «Астана» командасы жасындай жарқырап, көптеген спорт мамандарын таңдай қақтырды. Қазақстандық клубтың спортшылары бес кезеңде алдына жан салмады. Паоло Тиролонго 9-кезеңде топ жарса, Микель Ланда мен Фабио Ару қатарына екі таулы кезеңде қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Өткен жылы қола жүлдеге қол жеткізген команда капитаны Фабио Ару сол көрсеткішін жақсартып, биыл екінші орыннан көрінді. Оның командаласы Микель Ланда қола жүлдегер атанды. Оның үстіне командалар арасынан суырылып алға шыққан «Астана» клубы дүбірлі жарыстың үздік командасы атанды. Бір айға созылған марафон барысында команда жеңісіне сүбелі үлес қосқан «Астана» командасының қалған спортшылары Танел Кангерт, Диего Роса, Дарио Катальдо, Луис Леон Санчес, Андрей Зейц және Давид Малакарненің еңбегін атап кеткен жөн. 2008 жылы «Астана» командасының сапында чемпион атанған испаниялық Альберто Контадор биыл «Тинькофф Саксо» клубының сапында жарыс жеңімпазы атанды. Қазақстандық команданың ендігі мақсаты алдағы уақытта өтетін «Тур де Франс» марафонында сәтті өнер көрсету болып табылады.

Самат ҚАНАҒАТОВ