×

Бейжіңде қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынды

AstanaTV
02.06.2015ж. 10:00
1511
Бейжіңде қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынды

Қытай астанасы темекі түтінінен тазармақ. Бейжің ресми түрде жаңа заң енгізді. Құжатқа сәйкес енді мейрамхана мен кеңселерде, мектеп пен аурухана маңында, қоғамдық көліктерде темекі шегуге тыйым салынды. Сонымен қатар, оқу орындарының маңында да темекі тұтатуға болмайды, деп хабарлайды «Рейтерс». Бұл тыйымды ескермегендерге 200 юань, яғни 32 доллар көлемінде айып салынбақ. Ал қызметкерлері темекі тартуын доғармаған компанияларға да айыппұл салынбақ. Бұған қоса, заң бұзушылардың аты-жөндері үкімет сайтында жарияланады. Заңның аяқасты болмауын мыңдаған инспектор қадағалап, тұрғындар арнайы желі арқылы бұл іске ат салыса алады.

Қытай темекі өнімдерін ең ірі мөлшерде өндіретін, әрі тұтынатын мемлекет санатында. Осы елдегі 300 миллион шылымқордың кесірінен 740 миллион адам, оның ішінде 180 миллион бала зардап шегеді екен. Былтырғы жылдың қаңтарынан бастап Қытай билігі балабақша мен орта мектептердің қызметкерлеріне темекі тартуға тыйым салған еді.

Еркін КАРИН