Бір топ қарағандылық бүлдіршіндер Астанада өткен «Жұлдыз-ай» республикалық
жасөспірімдер фестивалінен жүлделі оралды. Мүмкіндігі шектеулі балақайлар
«Ыммен ән салу» номинациясы бойынша 1-ші және 2-ші орындарды жеңіп алған. Олар - есту қабілеті нашар балалар оқитын мектептің шәкірттері. Өнерімен өрге жүзген
қайсар қыздарды бүгін құрдастары мен ұстаздары вокзалда күтіп алды.
Мұғалімдердің
айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығына арналған республикалық
байқауға бірден 25 оқушының қатысуы өңір үшін үлкен жетістік. Құлағында мүкісі
бар, көздері нашар көретін және қимыл-қозғалысы қиын балалар, Қазақстан мен
Ресей өнер жұлдыздарының алдында ән шырқап, би биледі. 11 жасар Алина Бакина
мен Аня Лебединская «Ыммен ән салу» номинациясынан бірінші, екінші орындарды
олжалаған. Қыздар биыл Ресейде өтетін халықаралық байқауға жолдама ұтып алды.
Күлзира Төлеубаева, Қарағанды облысы
көзі нашар көретін балаларға арналған №1 мектеп-интернатының мұғалімі:
Осындай балаларға осындай сайыстар ұйымдастырылғанына өте ризамыз. Мұнымен
тоқталмай, халықаралық деңгейге шығамыз. Өмірлерінде «басқа балалармен бірдей
санаймыз» деген дәрежеге жетеді деп ойлаймыз.
Айжан
ҚУАШ