Қазақстандық экономист Олжас
Құдайбергенов ҰБТ тапсырмақ болып «қыздың кейпіне енген» жігіт үшін айыппұлдың
жартысын төлеуге дайын. Бұл туралы Макроэкономикалық зерттеулер орталығының
директоры, Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. «Жыл романтигі
атанған студент туралы бәрі хабардар деп ойлаймын. Ол Қазақ-Британ техникалық
университетінде оқиды. Осы оқу орнының оқытушысы ретінде оған салынған 400 мың
теңге айыппұлдың жартысын төлеуге дайынмын. Оның қызы жігітінен енді заңды
жолмен романтик болуды сұрайды деп үміттенемін», - деп жазған Олжас
Құдайбергенов. Сонымен қатар, ол жігіт махаббат үшін емес, пайда табу
мақсатында осындай қадамға барған болса, айыппұл төлеуден бас тартатынын
айтты. Еске салайық, әлеуметтік
желілерде дос қызы үшін сынақ тапсырмақ болған жігіттің фотосы кең таралды.
Романтик студенттің Алматыдағы
Қазақ-Британ техникалық университетінің үшінші курсында оқитыны анықталған.
Енді жігіт 400 мың көлемінде айыппұл төлеуі, қоғамдық жұмыстарға тартылуы
немесе алпыс тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Берік ХАСЕНОВ