$494.95 €525.49 ₽5.05
×

Шымкентте нан қымбаттады

AstanaTV
10.06.2015ж. 20:00
1199
Шымкентте нан қымбаттады

Шымкентте нан қымбаттады. 35 теңгеге сатылған бөлкенің бағасы енді 37 теңге болып белгіленді. Наубайханадағылар мұны ұнның қымбаттауымен байланыстырып отыр. Олар салмағы елу келілік бір қап ұнды 2700 теңгеден сатып алып жатқандарын айтады. Ұн бағасы бұған дейін 2300 теңге болған. Айта кетейік, әлеуметтік нанның босатылым бағасы 33 теңге болып келді. Дүкендер оны 35 тен сататын. Енді босатылым құны 35 тенге, ал сатылым бағасы - 37 теңге болды. "Нан қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбдімәлік Көмекбаевтың сөзінше, ұн бағасы бір ай бұрын көтерілген. Яғни бидай бағасы өскен. Сол себепті нанның нарқын бұрынғы қалпында ұстап тұру шығынға ұшырататындықтан, осындай шешімге келдік дейді төраға. 

Әбдімәлік Көмекбаев, «Нан қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біз 35 теңгеден сауда нүктелеріне нанды жеткізіп, ол 37 теңгеден сатылатын болып белгіленді. Бұл тірлік облыс әкімиятымен, ауылшаруашылық департаментімен, қалалық әкімияттармен келісіп істеп отырған жағдай. Ұн енді республиканың масштабында қымбаттап тұр ғой. Ол енді бірдеңеге себепті деп айта алмаймыз, бүкіләлемдік кризис келіп жатқаннан кейін әр жерден өзіміз экономдап жатырмыз ғой. Мүмкін ұнға беріліп жатқан субсидияның көлемі азаюы мүмкін.

Алайда қайсыбір сауда қатарларында бөлке нан 40 теңгеден сатылып жатқанына куә болдық. Сатушылардың айтуынша нанның мұндай бағамен саудаланып отырғанына біршама уақыт болған көрінеді. Олар әлеуметтік нанды бұдан былай 35 теңгеден қабылдаған жағдайда бар болғаны екі теңге табыспен шектеле алмаймыз деді. Шығынымыз көп деген сатушылар тіпті бөлкені 45 теңгеден сатуы мүмкін екендіктерін де жасырмады. Бірақ жергілікті атқамінерлер бағаны бетімен жібермейтінін айтады. Қазір қалада осы бағытта үш бірдей жұмыс тобы құрылып,іске кірісті деп мәлімдеді әкімдік өкілі. 

Қайрат Базарбаев, Шымкент қаласының кәсіпкерлік бөлімі сауда және мониторинг секторының меңгерушісі:

Қала дүкендерінде бөлшек нарқы 37 теңгеден сатылуы қажет.Оны 40-45 теңге, болмаса сауда нысандары иелерінің тарапынан пакет, басқа да уәждері нанның бағасын көтеруге ешқандай себеп бола алмайды. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Қазіргі таңда қала аумағында орналасқан үш мың азық-түлік дүкен басшысымен біз меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге үш жүз сауда нысаны басшыларымен меморандумға қол қойылды. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ