$531.96 €622.45 ₽6.79
×

Қостанайда импровизациялық театр талайдың бағын ашты

AstanaTV
12.02.2016ж. 20:00
2491
Қостанайда импровизациялық театр талайдың бағын ашты

Тобыл өңірінде 4 жылдан бері импровизациялық театр жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда өнер ошағы жас буынның бойындағы суырып салмалық қабілетті шыңдайтын орталыққа айналды. Аймақ жастары арасында кеңінен таныла бастаған театрға келушілер көп. Әуесқой әртістердің тегін қойылымын Заңғар Санай тамашалап қайтты. 

Сахнада тоғысқан жастардың мамандығы да сан-алуан. Бүгінгі қойылымға энергетик, жер қатынастары бөлімінің қызметкері және  студенттер қатысуда. Импровизациялық театрдың ерекшелігі әрбір көрерменге сахнаға шығып әртістік қабілетін көрсетуге, суырып салмалық өнерін ұштауға мүмкіндік береді.

Павел Мозгольд, «На весу» Қостанай импровизациялық театрының режиссері:

Біздің бір ерекшелігіміз, арнайы дайындықсыз, костюмсіз, құр алақан, сахнаға шығамыз. Ең бастысы - бір-бірімізді түсінуді, сезінуді үйренеміз. Бізге кедергі келтіретін шектеулерді түгел жойып, шынайы болуға, өз болмысымызды көрсетуге дағдыланамыз.

Қостанайлық жас кәсіпкер Павел Мозгольд - театрдың режиссері, әрі негізін қалаушы. Өнер ошағын ашу үшін, ол ресейлік мамандардан дәріс алған. Білген-түйгенін енді театрдағы әріптестеріне үйретуді мақсат тұтады. Импровизациялық театрда талантын ұштап, түбегейлі  өнер жолына түскендер де бар. Шағын сахнада шеберлігін шыңдаған Вячеслав Данюк - қазір облыс орталығындағы орыс драма театрының әртісі.

Вячеслав  Данюк, актер:

Бала кезімде өте момын болдым. Өзгелермен әрең тіл табысушы едім. Театрдың арқасында арманыма қол жеткізіп, әртіс атандым.

Темір жол бекетінде жұмыс істейтін Сергей Гофман да  аптасына екі рет театрға барып, өнерін ұштап жүр. Үш жылдан бері сахнаға төселіп қалғанын айтады. Осы уақыт аралығында өзімді көпшілік алдында еркін ұстауды, әдеби сөз саптауды, ойымды жылдам жеткізуды үйрендім, - дейді жас маман.

Сергей Гофман, энергетик:

Жаңа адамдармен жолығу, жаңа өзгерістерге кенелу, жұмысыңды істей жүріп, өзіңді сахна әртісі ретінде сезіну  - керемет емес пе?

Импровизациялық театрдың игілігін әлі де жүздеген адам көреді деген үміт бар. Өйткені өзге салада жұмыс істеп жүрсе де, өнерді, әсіресе сахна сырын, суырып салмалықты үйренуге құштар адамдар көп, - дейді театр режиссері.

Заңғар САНАЙ