Түркияда жиырма бесінші рет өткен парламент сайлауының қорытындысынан кейін
билік басындағы Әділет және даму партиясы тақтан түсті. Ресми мәлімет бойынша,
Ахмет Дәуітоғлұ бастаған партия жалпы дауыстың 40 пайыздайын жинап, топ
бастады. Алайда, ел Конституциясын өзгертіп, президенттік басқару жүйесіне
ауыстыруға қауқары жоқ. Ол үшін мәжілістегі 550 орынның кем дегенде 276-сын
алуы тиіс болатын. Тағы бір жаңалық, ел тарихында алғаш рет күрдтер саяси партия
ретінде парламентке өтті.
Әділет және даму партиясы - үкіметте он үш жыл жетекшілік етіп, соңғы үш
сайлауда жеңісті ешкімге бермеген жалғыз партия. Бұл сайлау тосын сыймен
келетінін күтпегені анық. Енді саясат сахнасын үлкен өзгеріс күтіп тұр. Үкімет
жаңадан жасақталу үшін, Әділет және даму партиясы өзгелермен коалиция құруы
тиіс. Егер келісімге келмесе, парламент тарап, сайлау қайта өткізіледі. Ал ұлтшылдар
қозғалысы партиясының төрағасы Дәулет Бахчелі коалициядан бас тартты.
Дәулет Бахчелі, ұлтшылдар қозғалысы партиясының төрағасы:
Әділет және даму партиясы үшін, өкінішке орай, өздері ойлағандай болмай
шықты. Алдымызда екі жол бар. Сайлауды қайта өткізу немесе партиялар ортақ
шешімге келіп, бірігу. Менің ойымша, Түркияға тиімді таңдау - елдегі экономикалық
ахуалды әлсіретпей, әрі қарай даму үшін, коалиция құру.
Жергілікті сарапшылар пікірінше, Әділет және даму партиясының жолын кескен
Ұлттық демократиялық партия. Яғни алдыңғысына тиесілі 9-10 пайыз дауыс күрдтер
қолдайтын саяси ұйымның еншісінде кеткен. Бұған дейін Ақ партияға дауыс
бергендер шешімін өзгерткендей.
Хасан Илтер, Ыстамбұл тұрғыны:
Мен бұған дейін бірнеше рет Әділет және даму партиясына дауыс бердім.
Алайда бұл жолы басқасын таңдадым. Себебі елде жастар арасында жұмыссыздар саны
артуда. Сондай-ақ, жыл сайын жалға беретін пәтер ақысы қымбаттап барады. Бұлай
жалғаса берсе, далада қаламыз.
Түрік халқының 80 пайыздан астамы, яғни 53 млн сайлаушы, қатысқан саяси
науқанға бақылаушы ретінде Қазақстаннан бір топ депутаттар келді. Олар ел
астанасы Анкара қаласындағы сайлау учаскелерінде болды.
Серікжан Қанаев, бақылаушы \Қазақстан\:
Түркия заңына сәйкес, партиялар мәжіліске өту үшін жалпы дауыстың ең азы 10
пайызын алуы тиіс. Бұл бізде 7 пайыз деп көрсетілген. Бұл жақатағы сайлаудың
ерекшелігі - сайлау учаскесінің санына мән берген. Мәселен, осы жолы 600 мыңға
дейін дауыс беру учаскесін ашқан екен. Бұл жұмысты жеңілдетері анық.
Осылайша, жиын саны жиырма партия қатысқан саяси дода өз мәресіне жетіп,
мәжілістегі 550 орынды төрт партия бөлісті. Ел үшін жаңадан жасақталатын
үкіметтің мәселесі маңызды болып тұр. Егер партиялар коалиция құрудан бас
тартса, түрік елінде тағы сайлау өтпек.
Самат СҮЛЕЙ