Ресейге қарсы санкциялар, Украина
дағдарысы және жаһандық экономика. G7 саммиті жоспарлы бас қосуының күн
тәртібіндегі басты сұрақ осылар. Құрамында Германия, АҚШ, Канада, Франция,
Италия, Жапония және Ұлыбритания бар жетілік осы күндері Бавария қаласында бас
қосуда. Ресей бұл топқа 1998 жылы қабылданған. Ұйым «Үлкен сегіздік» аталатын,
бірақ 2014 жылдан бастап «жетілікке» айналды. Биыл мәртебелі жиын тұңғыш рет
Ресейдің қатысуынсыз өтіп отыр. G7 көшбасшылары, Ресей билігі Қырым мәселесіне
қатысты көзқарасын өзгертпесе, олармен қатар отыруға құлықсыз екенін, байқатты.
Дегенмен сарапшылар, G7-нің беделі мен абыройы Ресейсіз бұрынғы деңгейде болмайды, деген ойда.
Германияның Бавария қаласында
орналасқан Эльмау қамалы осындай салмақты жиындарға арналғандай. Бес жұлдызды
қонақ үй жан-жақтан қоршауға алынған. Полиция мен әскерилер, көлік,
тікұшақтармен маңайды шолып жүр. Жетілік көшбасшылары әдеттегідей ақжарқын
күлкілерімен келді. Бір-бірімен шүйіркелескен топ 16 жылда алғаш рет жиынды
Ресейсіз өткізгелі отыр. Есесіне, күн тәртібінің алғашқы тақырыбы - Ресей.
Алпауыт ел басшылары Мәскеуге қарсы санкцияларды одан әрі сақтау керек дегенді
бір кісідей мақұлдады. Бірақ бұл санкциялардан бірінші кезекте Еуропа зардап
шегіп отырғанын Ақ үй өкілдері мойындап үлгерді.
Джош Эрнест, Ақ үй баспасөз
хатшысы:
Америка санкцияларды бізбен бірге
енгізіп отырған еуропалық әріптестері мен одақтастарының маңыздылығын
бағалайды. Өйткені Ресейге қарсы қолданылып жатқан кейбір санкциялар, АҚШ-қа
қарағанда, Еуропа елдері үшін ауыр соғып отыр.
АҚШ-қа қатысты айтатын болсақ,
осы саммитте Вашингтон Украинаға қару-жарақ жеткізілмейтінін мәлімдеді. Бұған
дейін наурыздың 26-да АҚШ Сенаты Украинаға қару-жарақ жеткізуді қолдап дауыс
берген. Бірақ осыған қарамастан, Ақ үй бұл жағдай Украинадағы шиеленісті одан
бетер ушықтырып жібереді деп санайды. Дегенмен, Украинаның қарулы күштерін
қолдау үшін, Америка белгілі көлемде көмек жібермек.
Джош Эрнест, Ақ үй баспасөз
хатшысы:
Осы жерде айтып талқылайтындай,
менің қолымда нақты мәлімет жоқ. Дегенмен, Америка президентінің Украинаға
басып-жаншып тастайтын қару жеткізбейміз деген пікірі өзгерген жоқ, деп айта
аламын.
«Жетіліктің» Мәскеуді өз қатарына
қайта қосу мәселесіне қатысты көзқарастары да өзгерген жоқ. Көшбасшылар бұл
мүмкін дейді. Бірақ тек Ресей Укринаға қатысты өз саясатын өзгерткен жағдайда
ғана. Алайда Кремль жетіліктің құрамына мүше болуға сұранып отырмағандарын
байқатты. Ресми Мәскеудің БРИКС, G20 сынды ұйымдарға бүйрегі бұратын сыңайлы.
Жуань Цзунцзэ, Қытай заманауи
халықаралық қатынастар институты директорының орынбасары:
«G7 қазір өз салмағын жоғалтып
жатыр. Ресей мұның орнына G20, БРИКС, ШЫҰ-дағы және тағы да басқа халықаралық
ұйымдар мен бірлестіктердегі өз рөліне баса мән бере түседі. Қазіргі жағдайда
сегіздіктің бұрынғы қалпына келуі мүмкін емес. Өйткені кәрі құрлық елдері
Ресейдің G8-дегі мүшелігін тоқтатқаннан кейін, Ресей Батыспен қайта бірігеді
деген сенім жоғалды».
Саммиттің күн тәртібі тығыз
екеніне қарамастан, қатысушылар уақытының басым бөлігін Ресей мен Украинаның
ахуалын талқылауға арнады. Айта кетерлігі, байқаушылар дәл осы жиын басталар
алдында екі ел арасында атысты тоқтату режимінің бұзылғанын анықтады. Бұл кездейсоқтық
емес. Кей сарапшылар да «Жеті елдің президенті бұл жерге тек Ресейді оқшаулауға
қатысты жаңа әдістер ойлап табу үшін жиналғандай» деген ойда қалды.
Айгүл
ӘДЕПБАЙ