$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ұлттық қордан, Зейнетақы қорынан экономикаға 2 трлн теңгеге жуық ақша бөлінеді

AstanaTV
13.02.2016ж. 20:00
1642
Ұлттық қордан, Зейнетақы қорынан экономикаға 2 трлн теңгеге жуық ақша бөлінеді

Сәрсенбіде Президент үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, бірнеше пәрмен берді. Біріншіден, құрылыс тоқтап қалмау үшін келесі жылға жоспарланған жобалар қаржысынан 360 млрд теңге алынады. Оның 53 млрд-ы «Бәйтерек» холдингі арқылы жалға берілетін тұрғын-үй құрылысына, 149 млрд-ы несиеге берілетін тұрғын-үй құрылысына. «Самұрық-Қазына» арқылы жекеменшік құрылыс компанияларына 97 млрд теңге қарыз беріледі. Ал үй салынатын жерлерге инфрақұрылым түзу үшін  әкімдіктер арқылы 61 млрд теңге бөлінбек.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР президенті:

Бұл шаруаға тұрғын-үйлер салынатын аудандар қарайтын өңірлердің әр әкімі жеке басымен жауап береді. Ерекше назар аударатыны – баспана құны әлеуметтік болуы керек.

Президенттің есебінше, биыл қосымша 1,5 млн шаршы метр тұрғын – үй пайдалануға беріледі, бұл ішкі жалпы өнімнің өсуіне ықпалдасады. Ал ақша облыстардың арасында қалай бөлінеді? 

Аслан Түкиев, Құрылыс салушылар ассоциациясының атқарушы директоры: 

Бұл мемлекеттің өкілдігіне жатады. Бірақ біз ақшаны теңдей бөлуді сұрайтын шығармыз. Бір облысқа немесе бір қалаға артығырақ бөліп, алалауға болмайды. Республиканы теңдей жабуымыз керек. Сондықтан облыстарға 4 миллиардтан, қалғаны Астана мен Алматы арасында бөлінетін шығар. 

Сонымен бірге үш аусымнан құтылу үшін және құлағалы тұрған мектептердің орнына 42 мектеп салынады – ол үшін 28 млрд теңге қарастырылған.

 Ал ең басты жаңалық – Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан 1 трлн 450 млрд теңге жұмсалады: 500 млрд теңге сыртқы нарықтарда шетелдік валюталарға конвертацияланады, ал 600 млрд теңге экономика салаларына кетеді. «Қайтарылады» деген ақша екінші деңгейдегі банктер мен ұлттық холдингтер арқылы бөлінеді: мысалы, шағын және орта бизнес сұранысын қаржыландыруға және 3456 елді мекенді кең жолақты Интернет желісімен қамтамасыз етуге 200 млрд, елдің оңтүстігіндегі энергия тапшылығын жою үшін қолға алынған «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» жобасын жеделдетуге 47,5 млрд, ауыл шаруашылығына – оның ішінде ет пет сүт өңдеуге 100 млрд бөлінбек.

Ал жаңа жұмыс орындарын ашуға үкімет резервінен 100 млрд теңге жұмсалады. Президенттің пайымынша, осы шаралардың барлығы биыл экономикалық өсімді 1 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР президенті:

В центре всех моих поручений – нужды простого человека, его благополучие и стабильность.

Үстемеленіп ақша сол баяғы салаларға құйылады: энергетика, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы. Ал 5 трлн 828 млрд теңге жинақталған зейнетақы қорының төрттен бірі алынуы қорға «мемлекеттік инвестициялық қор» деп сипаттама беруге итермелейді. Дағдарыстан шығуға жұмыс істейтін әрбір қазақстандық барынша тер төгіп жатыр, жиған-тергенін салып жатыр, «Отан үшін жан пида» деп...