Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің қауырт желісіне «Travelsystem»
туроператорынан зардап шеккендер тарапынан 65 қоңырау түскен. Оның қырық алтысы
демалуға аттанған туристер болса, он тоғызы - туроператорлар. Министрліктің
ресми өкілі қазіргі уақытта оларға тиісті көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Зардап шеккендерге көмек мақсатында Анталияда жедел штаб құрылған. Бір қызығы,
«Travelsystem»-ге қатысы жоқ кейбір қазақстандықтар құзырлы мекеме маңын торып,
алаяқтық жолмен табыс та тауып қалуға әрекеттенсе керек.
Алтай Әбибуллаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, айрықша
тапсырмалар жөніндегі елші:
Түркияда демалушы азаматтар ахуалын пайдаланып, жалған шағым жасаушылар да
шығып жатыр. Елшілік, консулдық, ел билігі мен Түркия тарапы көмегіне алдарқата
жүгінгендер де баршылық.
Еске салайық, өткен аптада «Travelsystem» туроператоры өзінің банкротқа
ұшырағанын жариялады. Қонақ үй ақысы мен кері қайтатын билет бағасы
төленбегендіктен, Түркияда мыңға жуық саяхатшы далада қалды. Қазір мәселені
тездетіп шешуге құзырлы органдар жұмылдырылған.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ