$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Білім және ғылым министрінің «Білім беру жолы»...

AstanaTV
13.02.2016ж. 20:00
2574
Білім және ғылым министрінің «Білім беру жолы»...

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «дәстүрге» сай, «басқа қызметке» ауысуына байланысты деген «формуламен» қызметінен алынып, орнына Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев тағайындалды. Араға бір күн салып, А.Сәрінжіповті Президент «Назарбаев қорының» президенті етіп қойды. Ол  сондай-ақ, Nazarbayev University –тің қамқоршылар кеңесінің мүшесі болмақ.

Жаңадан тағайындалған министр белгілі академик Кенжеғали Сағадиевтің ұлы. Тоқталғымыз келетіні ол да емес. Тоқталғымыз келетіні, интернет айдынында министрдің 2013 жылы көпшілік алдына шығып берген дәрісі жарияланды. Ол «Баламды қай тілде оқытамын» деген мәселе бойынша пікірталаста эмоцияның көп екенін айтады. «Факт, сан, трендтер туралы әңгіме, ғылыми тұжырым жоқтың қасы. Кім болғымыз келетіні, 20 – 30 жылдан кейін не болатыны туралы сөз аз»- деді.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

До семи лет я рос в ауле. Ауылдан келген қазақтың баласы. Орысша бір сөз де жоқ.  С семи я жил плотно в русскоязычной среде...Потом 8 лет провел в Америке.

Менің көзқарасымның түп негізі – мынадай: менің ойымша біз мәдениет пен білімді шатастырамыз. Қазіргі заманда білім мен мәдениетті адам тәрбиелеу бір ұғым емес. Білім берудегі мақсат пен міндет және мәдениетті адам тәрбиелеудегі мақсат пен міндет әр түрлі. Білім берудегі басты міндет – бәсекеге қабілетті адам тәрбиелеу. Заманға сай теориялық білімі бар, оны тәжірибемен ұштастыра алатын, технологияларды меңгерген. Ақша табуға қабілетті. Өзіне, балаларына, мемлекет үшін. Ал мәдени тәрбиенің қазығы менің ойымша, бірінші кезекте ұлттық ерекшелікті сақтау. Өз тіліңді білу, өз тарихыңды білу. Өз мәдениетіңді білу. Басқа ұлттардың мәдениетін білу.

Әрі қарай қорытып берсек, Сағадиевтің пікірі мынадай: жоғары білімге ие болғысы келетін адам үшін білімнің қайнар көзінің 95 пайызы ағылшын тілінде. Оның Қазақстанға, қазақтарға қатысы жоқ. Бүкіл әлем бойынша солай. Барлық қолданбалы ғылымдар – химия,физика, саясаттану, философия, психология, тағысын тағы, ағылшын тілінде өркендейді. Жаңа материалдар шығару, жаңа технологиялар, техникаларды басқару бәрі-бәрі ағылшын тілінде. Және оларды тарату тілі де ағылшын тілі. Мысалы, 2011 жылы әлемде жаңадан басылып шыққан, яғни жаңа идея, жаңа ой, жаңа көзқарас тізілген ағылшын тіліндегі кітапттардың саны 550 мың... қазақ тілінде 1 200. Медицина бойынша ағылшын тілінде 14 мың кітап шықса, қазақ тілінде 147... Ал фундаментальді ғылымды игермесең, оқымасаң, жоғары білімді әрі білікті адам бола алмайсың.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Жол қайсы?  Ағылшын тілін жаппай, қарқынды үйрену керек. Солай істеген ел басымдыққа ие болады. Скандинавия, Балтық жағалауы елдері, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея дәл солай қимылдаған. Жаппай сөйлемесе де, оқиды, түсінеді. Мысалы, Грузия ағылшын тілінде еркін сөйлейтін еріктілерді тартып, әрбір мектебіне бекітіп жатыр. Оны айтасыз, Франция – ағылшын тіліне онша «махаббаты» жоқ Франция, «француз тілін қызыл кітапқа енгіземіз» деген жойқын қарсылыққа қарамай, әрбір мектепте ағылшын тілін оқытуды қолға алды. Себебі білім ағынынан қалып, бәсекеге қабілетсіз болып қаламыз деп шешті. Бізге техникалық мамандықтар ағылшын, тарих пен мәдениет қазақ тілінде, ТМД тарихы мен мәдениеті орыс тілінде оқытылатын бір типті мектеп керек.  

Бұл көзқарас концептуалды алып қарағанда ақылға қонымды. Бірақ кілтипан бар. Бірінші нюанс – техникалық мамандықтар бойынша ілім-ғылым, қолданбалы математика қазақ тілінде сөйлемесе, тілдің дамуын тежеп, қолдану аясын одан сайын тарылтып, орасан кесапатын тигізеді. Екінші нюанс -  мәдениетті адам қалыптастырудағы міндет  ұлттық ерекшелікті сақтау деу бар да, дәл сол формулаға салсақ, «мәдениетті адам» категориясына келмейтіндердің  жоғары атқарушы билікті құрауы және оларға қарап қоғамның  тіл, мәдениет туралы түсінігінің де алаңдататын деңгейге түсуі...

Жалпы, бірнеше тілді оның ішінде ағылшын тілін еркін меңгерген мамандардың еркін қимылдайтыны, мүмкіндіктерінің көбірек болатыны, тиісінше біліктілігін тезірек әрі сапалы арттыратыны, ең бастысы – адам ретінде өзін еркінірек сезінетіні, үрейлер мен стресске беріле қоймайтыны ып-рас!

Алайда мемлекеттік тіл қорғалмаса мемлекеттілік сақталмайды.